Елшілікке жеткенде үйімізге келгендей болдық – Украинадан оралған отандасымыз

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Украина шекарасынан өтіп, Польшаға жеткен бір топ Қазақстан азаматы елге оралды. Бұл еліміздің сыртқы істер министрлігінің қазақстандықтарды эвакуациялаудағы екінші легі. Украинадан елге аман сау оралғандардың қатарында Жанар Қадырбекова да бар. Елорда әуежайынан түсе сала жерлесіміз өз әсерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Киевке емделуге барғанбыз, протез салдырмақ болып. Тісімді емдетіп болғаннан кейін бізге елге қайтатындар елшілікке жиналу керек деген хабар жеттік. Бақытымызға қарай, такси тез табылды. Жайшылықта 300 гривен сұрайтын таксистке 1000 гривен беріп, тез жеткізуін сұрадық. Бізді аман сау елшілікке апарды. Елшілікке жеткенде үйімізге келгендей болдық. Кеудемді мақтаныш кернеді», - деді Жанар Қадырбекова.

Оның айтуынша, Қазақстанның Украинадағы елшілігінің қызметкерлері отандастарымызға көмектесіп, үнемі байланыста болған.

«Елшілік қызметкерлері күні, түні көмектесті. Украина халқы өте қайырымды, ашық жандар. Украиндықтарға бейбіт заман тілеймін. Әрине, жол ауырға соқты. Тәулігіне 90 шақырым жол жүрдік. Жергілікті халық тамағын ұсынып, шайға дейін берді», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай Украинадағы Қазақстан азаматтарының екінші легі елордаға келді.

Сондай-ақ, ҚР СІМ Украинадан Польшаға жеткен 74 қазақстандық елге қайту үшін келесі рейсті күтіп отырғаны туралы хабардар етті.


Соңғы жаңалықтар