Елшілік ғимараттарын салғанда ұлттық нақыштағы элементтер ескеріледі – ҚР СІМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан мен Тәжікстан Үкіметтері арасындағы дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келісімге сәйкес, тәжік тарапы қазақстандық тарапқа Қазақстан елшілігінің ғимаратын салу үшін Душанбе қаласындағы Сомони даңғылы бірінші дипломатиялық қалашықтан жалпы алаңы 1 гектар жер учаскесін беретін болады. Жалға беру мерзімі 49 жылды құрайды және жылына 1 сомони мөлшерінде жалдау ақысы төленеді. Өз кезеңінде Қазақстан тепе-теңдік негізінде тәжік тарапына Астанада Ш.Қалдаяқов көшесінің оң жағында орналасқан жалпы алаңы бір гектар жер телімін бөледі. Жалға беру мерзімі 49 жылды құрайды және жылдық ақысы 1 теңге», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев.

Ержан Ашықбаевтың айтуынша, ҚР Жер кодексі 6-бабының 7-тармақшасына сәйкес басқа мемлекеттердің Қазақстан аумағындағы жер пайдалану құқығы ҚР бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

«2017 жылғы мамырда Астана қаласының әкімдігі аталған учаскені сегменттеу бойынша жұмысты аяқтап, жер телімі мемлекеттік меншікке өтті. Осыған орай қазақстандық тарап аталған келісімді ратификациялау бойынша рәсімді бастаған болатын. Келісімнің 13-бабына сәйкес тараптар оның күшіне енуі үшін мемлекетішілік қажетті рәсімдерді орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енетін болады. Тәжікстан Парламенті келісімді 2014 жылғы 1 қазандағы қаулысымен қабылдағанын атап өткен жөн», - деді ол.

Сонымен қатар Е. Ашықбаев салынатын аталған ғимараттарда ұлттық нақыштағы элементтер енгізілетінін атап өтті.

«Біз Сыртқы істер министрлігі ретінде тәжік тарапына бұл құрылысты жасауға қолғабыс етеміз және біздің де жобаларымызға тәжік жағынан тиісті қолдаулар көрсетіледі. Сондықтан ұлттық нақыштағы элементтерді енгізуге мүмкіндік бар», - деді министрдің орынбасары.

Соңғы жаңалықтар