Елші Тойлы Көмеков: Түрікменстан мен Қазақстан достық әрі бауырластық байланыстарды нығайтуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі оқырман назарына Түрікменстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Тойлы Көмековтің қазақ-түрікмен екіжақты ынтымақтастығы туралы мақаласының ықшамдалған нұсқасын ұсынады.

«Түрікменстан мен Қазақстан Республикасы тікелей көрші, халықаралық қарым-қатынастың қазіргі жүйесінің толық құқылы әрі жігерлі қатысушы бола отырып, тек қана екіжақты қарым-қатынаста ғана емес, сонымен бірге халықаралық беделді ұйымдардың, ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында бүкіл әлемге достық пен тату көршілік, өзара түсіністік пен бауырластық, өзара қолдау, конструктивті және тиімді өзара іс-қимыл үлгісін паш етіп отыр. Түрікменстан мен Қазақстанның мойындалған көшбасшылары, аса құрметті Президенттер Гурбангулы Бердымұхамедов пен Нұрсұлтан Назарбаев өз халықтарының ұлттық мүдделеріне негізделген, сонымен қатар халықаралық құқықтық жалпы танылған әрі ажырмас ұстанымдарына толықтай жауап беретін дана әрі жан-жақты негізделген сыртқы саясатты жүргізіп отыр.

Түрікменстан мен Қазақстан Көшбасшыларының арасында қалыптасқан өзара сенімге негізделген қатынастар мен тұрақты жеке байланыстар, сонымен қатар олар толыққанды ауқымдағы ынтымақтастықты тереңдетуге ниеттестігі жоғары деңгейдегі мемлекетаралық диалогтың маңызды факторы саналады. Президенттер Гурбангулы Бердымұхамедов пен Нұрсұлтан Назарбаев өзара сапарлардан бөлек, мемлекет көшбасшыларының жан-жақты кездесулері, оның ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, Аралды құтқару халықаралық қорына кіретін мемлекет басшыларының саммиттері аясында конструктивті келіссөздер өткізді. Осы уақыт аралығындағы Түрікменстан мен Қазақстан Президенттерінің арасындағы жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздердің әрқайсысы екі ел мен олардың халықтарының бауырластық қарым-қатынастарын жаңа деңгейге көтеретін өзіндік тарихи межені білдіреді.

Атап айтқанда, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың 2013 жылдың 10-11 мамырдағы Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында «Солтүстік-оңтүстік» трансұлттық теміржол құрылысының түрікмен-қазақстандық учаскесі іске қосылды. Сонымен қатар Астанада біздің мемлекеттеріміздің арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан ары тереңдетуге жаңа халықаралық-құқықтық мүмкіншіліктер ашатын бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. 2014 жылдың 2-3 желтоқсанында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстанға ресми сапар жасап, оның қорытындысында 6 екіжақты құжатқа қол қойылды.

Біздің елдеріміз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, таратпау қозғалысы, Ислам ынтымақтастық ұйымы және өзге де беделді халықаралық және өңірлік құрылымдар аясында тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуде. Халықаралық аренадағы өздерінің қадамдарын үйлестіре отырып, Түрікменстан мен Қазақстан бір-біріне қолдау көрсетеді және бұл оң нәтижелерін беріп, өңірлік және әлемдік процесстердің барысына оң ықпалын тигізуде.

Екіжақты деңгейде, сонымен қатар халықаралық форматтағы түрікмендік-қазақстандық серіктестік тұрғысында экология мәселесіндегі өзара іс-қимыл барынша өзекті саналады. Бұл тұрғыдан алғанда Түрікменстан мен Қазақстан Республикасы Арал маңындағы экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту саласындағы ынтымақтастықты қамтамасыз етуге негізделген, өңірлік маңызды құрылым болып табылатын Аралды құтқару халықаралық қорының қызметін одан ары нығайтуды және жетілдіруді жақтайды. 2017-2019 жылдар аралығында Аралды құтқару халықаралық қорына төрағалық етуші ел ретінде Түрікменстан мүше мемлекеттердің бірлескен іс-қимылының басымдыққа ие жоспарын көрсететін сәйкесінше концепция әзірлеп, оны жүзеге асыруда.

Түрікмен-қазақ қарым-қатынасының мәдени-гуманитарлық құрамдасы тараптардың өзара іс-қимылының маңызды саласы саналады. Түрікменстан мен Қазақстан халқын өз тамырын ғасырлардан алатын тарихи-мәдени тамырластық байланыстырып тұр және бұл екі халықтың арасындағы тиімді әрі өзара пайдалы ынтымақтастықтың маңызды факторы болып қалуда.

Қазақстан Республикасында Түрікменстанның Мәдени күндерінің, сонымен бірге Түрікменстанда Қазақстан Республикасының Мәдени күндерінің тұрақты өткізілуі бауырлас елдердің мәдени өміріндегі ірі оқиғаларға айналды. Бұл шаралар достық, тату көршілік және өзара құрмет ұстанымдарына негізделген түрікмен-қазақ ынтымақтастығының дамуына зор үлес қосады».

Соңғы жаңалықтар