Елші ҚР Президентінің Мединедегі құлшылығы туралы айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бақыт Батыршаевтың айтуынша, Сауд Арабиясының Мекке мен Мединесіне барған мемлекет басшыларына ерекше жағдай жасамайды. Олар үшін тек қауіпсіздік шараларын ғана күшейтеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кез келген мемлекеттің басшысы, оның ішінде біздің Елбасымыз бар, өзінің мұсылмандық парызын қатардағы қарапайым мұсылман ретінде атқарады. Оған дін жағынан ешқандай жеңілдік жоқ. Әрине, мемлекет басшысы болғаннан кейін тиісті қауіпсіздік шаралары қолға алынады. Дегенмен, ол үшін мешітті толығымен босатпайды. Оның өзінің тәртібі бар, айналасында әскер қорғап жүреді. Бірақ ол шаралар басқа мұсылмандардың жағдайына кедергі келтіріп, олардың жолын жауып тастап, құлшылығын тоқтатпауы тиіс. Ондайға жол берілмейді. Өйткені әрбір мұсылманның парызы бар», - деді Бақыт Батыршаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Оның айтуынша, қасиетті Қағбаға тек мемлекет басшылары мен беделді ғұламаларды ғана кіргізеді. Сондай-ақ елшілерге де кіруге рұқсат бар.

Айта кетейік, жақында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясына ресми сапармен барған болатын. Сол кезде Н.Назарбаев Мединедегі Мұxаммед (с.ғ.с) пайғамбардың мешітінде болып, сол жерде намаз оқып шыққан.

Соңғы жаңалықтар