Елорданың жемқорлықпен күрес тәжірибесі өңірлерге таратылып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорданың жемқорлықпен күрес тәжірибесі өңірлерге таратылып жатыр. Бұл туралы бүгін «Жемқорлықтан азат өңірлер» жобасының жетекшісі Жанар Тайжанова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңізге мәлім, былтыр «Астана адалдық алаңы» атты жобасы аясында бірқатар шара іске асырылып, еліміздің бас қаласында, әсіресе әлеуметтік салаларда өте ауқымды шаралар ұйымдастырылған болатын. Нәтижесінде тұрмыстық жемқорлықтың азаюы байқалды. Енді бүгін елорданың тәжірибесін өңірлерге тарату жұмыстары қолға алынып отыр», - деді ол.

Жоба жетекшісінің айтуынша, қазіргі уақытта орталық деңгейде республикалық жобалық кеңсе құрылып, әр өңірде «Адалдық алаңы» атты жобалық кеңселер ашылған.

«Олардың аймақтық органдардан айырмашылығы - кез келген мәселені шешуде бюрократиялық процестерсіз нақты жобаларды тез арада іске асыру. Жұмыс бастамашылық негізде құрылған. Мұндағы маңызды рөл азаматтық секторға тиесілі. Сол себепті кеңселердің жетекшілері ретінде өңірлердегі қоғамдық белсенділер тағайындалып отыр. Әдістемелік сүйемелдеу біздің Мемлекеттік басқару академиясының орталығына жүктелген», - деді Ж.Тайжанова.null

Оның айтуынша, жоба білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жер қатынастары, ауыл шаруашығы, мемлекеттік кірістер, сот және құқық қорғау органдары салаларындағы жемқорлықты азайтуға бағытталған. Бұл ретте әр ай нақты бір салаға арналады.

«Жобалардың басым бөлігін сол салада анықталған жемқорлық тәуекелдерді азайтуға бағыттап отырамыз. Бірақ, сонымен қатар басқа салалардағы жобалар да өз жалғасын таба береді. Жобаның мерзімі - 2020 жылдың желтоқсаны. Осы мерзімге дейін жалғасатын болады. Тұрмыстық жемқорлық халық арасында жүргізілген сауалнама арқылы өлшенеді. Оның нәтижесі сол уақытта таныстырылады», - деді жоба жетекшісі.

Соңғы жаңалықтар