Елорданың жарықсыз отырған көшелері анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың сол жағалауында бірнеше көше тұрғындары жарықсыз отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

«10 қараша сағат 15:30-дағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтанның Қонаев, Сығанақ, Түркістан, Алматы, Достық көшелеріндегі тұтынушылар электр жарығынсыз отыр. Апаттан барлығы 25 нысан мен 7 тұрғын үй кешені зардап шекті», - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, елордадағы «Левобережная» 110/10 кВ шағын станциясының 10 кВ кабель каналында өрт шығып, кабель линиясы зақымданды. Салдарынан сол жағалаудағы кейбір тұрғын үйлер жарықсыз отырғандығы туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

«10 қарашада түнгі сағат 02.04-те аталмыш станциядан қосылған нысандардың электрмен жабдықтау линиялары апат салдарынан ағытыла бастады. Осы кабель линияларына қосылған тұтынушылар өрт сөндіру бригадаларының электр тоғы соғуын болдырмас үшін электрмен қамтудан ажыратылды. Апат салдарын жою бригадалары құрамында, 15 адам және 6 арнайы техника, қажетті жабдықтарымен шұғыл түрде жұмысқа кірісті. 5 жедел-көшпелі бригадалар нысандарды қайта қосумен айналысуда. Қолда бар барлық мобильді дизель-генераторлар іске қосылды. Кабель желілерін қалыпқа келтіру жұмыстары жалғасуда», делінген компания таратқан хабарламада.

Соңғы жаңалықтар