Елорданың үздік дәрігерлері марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бейбітшілік және келісім сарайында ІІ «ALTYN SHIPAGER» сыйлығының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жеңімпаздар 15 мың өтінім арасынан таңдап алынды. Онда дәрігердің қызметі, жұмыс өтілі мен кәсібилігі ескерілді. Оларды әділ іріктеу мақсатында арнайы комиссия құрылды, комиссия құрамына медицина саласындағы тәжірибелі мамандар кірді.

Нәтижесінде біліктілігімен және кәсібилігімен көзге түскен медицина мамандары «Жыл дәрігері», «Үздік эпидемиолог», «Мамандығына адалдық», «Цифрландыру көшбасшысы», «Денсаулық сақтау ісінің үздік менеджері», «Бірегей ота жасағаны үшін», «Үздік жедел-жәрдем бригадасы» сынды 11 аталым бойынша марапатталды.

Салтанатты рәсім ҚР Денсаулық министрі Елжан Біртановтың құттықтау сөзі мен бірінші номинацияны табыстаудан басталды. Министр «Ең үздік жас учаскелік дәрігер» номинациясында жеңіп алған жеңімпазды - «Ниет» отбасылық денсаулық сақтау орталығының жалпы тәжірибелік дәрігері Салтанат Такееваға «Алтын шипагер» мүсіншесі мен 1 млн теңге қаржылай сертификатты табыстады.

Ал №2 Перинаталды орталығының медбикесі Меңсұлу Әмірова «Ең үздік орта медициналық қызметкер» номинациясының жеңімпазы атанды.

«Пациентке бағытталған ең үздік медициналық ұйым» атты екінші номинацияны Қалалық №10 емханасы жеңіп алды.

«Денсаулық сақтаудың тиімді менеджері» номинациясы сыйлығын Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов Қалалық жедел-жәрдем станциясының бас дәрігері Тимур Мұратовқа салтанатты түрде тапсырып, құттықтады.

«Бірегей операция жүргізгені үшін» номинациясын Қалалық №2 балалар ауруханасының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Азамат Жайылғанов жеңіп алды.

Ал «Диагностика мен емдеудің жаңа әдісін енгізгені үшін» сыйлығымен Қалалық №1 ауруханасының ортохирургия және эндопротез бөлімінің меңгерушісі Руслан Ботаев марапатталды.

«Жедел жәрдемнің үздік бригадасы» аталымында Қалалық жедел-жәрдем станциясы «Сарыарқа» подстанциясының №1 бригадасы жеңімпаз атанды.

Кезекті «Цифрландыру көшбасшысы» сыйлығын Қалалық №7 емхана жеңіп алды.

«БАҚ-тағы үздік жарияланым» номинациясында «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Айгүл Уайсова озып шықты.

Комиссия шешімімен Қалалық №2 балалар ауруханасы «Хабар» агенттігінің атынан «Телеарнаның арнайы сыйлығы» номинациясына ие болды. Номинацияны белгілі тележүргізуші, журналист Мая Бекбаева табыстады.

Тағы бір беделді номинацияның бірі - «Қамқор» деп аталады. Бұл аталымда «Доктор рекомендует» бағдарламасының авторы, тележүргізушісі Айнұр Тажина BI Жұлдызай қоғамдық қорын марапаттады.

Айта кетейік, жыл сайын Қазақстанда маусым айының үшінші жексенбісінде Медицина қызметкерлері күні аталып өтеді.

«Алтын шипагер» мүсіншесінде шынайы лавр бұтағы 24 карат алтынмен қапталған. Лавр жапырағы денсаулық пен ұзақ ғұмырды білдіреді.

Соңғы жаңалықтар