Елорданың учаскелік полицейі халықаралық іздеуде жүрген қырғыз азаматын ұстады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскелердегі құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту мақсатында елордалық полиция департаментінің қызметкерлері әрбір әкімшілік учаскеде жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сонымен, тексеру барысында «Сарыарқа» ауданы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы полиция капитаны Ерболат Мыңбаев Жеңіс даңғылында күдік тудырған азаматты тоқтатып, құжаттарының жоқ екенін анықтаған. Сонымен қатар, ер адамның белгілі бір тұрғылықты жері болмаған. Оның кім екенін анықтау және қосымша ақпарат алу үшін ер адам Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментіне жеткізілді. Тергеу барысында 1983 жылы туған ер адамның Қырғыз Республикасының азаматы екені және 2013 жылдан бері халықаралық іздеуде жүргені анықталды.

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің қабылдау-бөлу бөлімінің бастығы полиция полковнигі Асқар Төрекеновтің айтуынша, ұсталған адам өзі туралы жалған мәліметтер берген. Арнайы жүргізілген жұмыстары барысында ұсталған азаматтың кім екені анықталды.

Жедел алдын алу шаралары жүргізілген төрт күн ішінде учаскелік полиция инспекторлары 713 әкімшілік құқық бұзушылық фактісін анықтады. Олардың қатарында қоғамдық орындарда ішімдік ішу, ұсақ бұзақылық, отбасылық-тұрмыстық өмірдегі заңға қарсы әрекеттер, пәтер иелерінің азаматтарды заңсыз тіркеуі және басқа да құқық бұзушылық фактілері бар. Сондай-ақ учаскелік инспекторлар қызмет көрсетілетін аумақтарда 5 мыңнан астам тұрғын үй жайларын және көп қабатты үйлерді аралап шықты. Сонымен қатар, полиция 530 азаматтық қару иесін сақтау заңдылығы мен тіркеу мерзімін бұзғанын анықтады.


Соңғы жаңалықтар