Елорданың «түнгі сотына» кімдер жүгінеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың «түнгі соты» көмегімен жүргізушілер сақтандыру көмегін 15 күннің ішінде ала алады. Бұл туралы бүгін  республикалық судьялардың кеңейтілген кеңесінде  Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Ұлдана Сүлейменова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түнгі сот» не үшін қажет? Мәселен полиция қызметкері жол-көлік оқиғасы бойынша хаттама толтырады. Жүргізушінің кінәлі екендігі айқын және ол оны мойындап отыр. Алдымен полицияның материалды сотқа жібергенін күтеді. Одан кейін сот қарайды. Бұған қоса, соттың шешімі күшіне енуі тиіс. Содан кейін ған сақтандыру төлемі жасалады. Мұның барлығына үш ай уақыт кетеді. Осы мерзім ішінде көлік қаңтарылып тұрады. Ал ол біреулердің жалғыз табыс көзі болуы мүмкін. Жүргізуші құқық бұзғанымен келісетін айқын істер 70 пайыздан асады. Ал «түнгі сот» бұл проблеманы шешеді», - деді ол.

Оның айтуынша, Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты  кешкі сағат 18-30-дан 22-00-ге дейін кезекшілік енгізген. Әкімшілік полициямен меморандумға қол қойылып, өзара іс-қимылдың нақты алгоритмі әзірленген. Хаттама толтырылғаннан кейін материал бір тәуліктің ішінде сотқа түседі.

Іс «түнгі сотта» қаралуы үшін жүргізушінің кінәсін мойындау және түнгі уақытта қарауға келісімі қажет. Сол күні істің келесі күні қаралатындығы туралы шешім қабылданады. Бұл жайында тараптарға смс көмегімен хабарландыру жіберіледі. Ал үшінші күні тараптар сот қаулысымен сақтандыру көмегін алуға барады. Осылайша, мұндай істерді қарау мерзімі 100-ден 15 тәулікке дейін қысқарып отыр.

Жалпы, ілкі жоба қолға алынған 20 жұмыс күннің ішінде «түнгі сотта» 300 іс қаралып, өз шешімін тапқан.

Соңғы жаңалықтар