Елорданың Сарыарқа ауданында 12,5 мың тұрғын сенбілікке шықты

None
Фото: Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімшілік аппаратының баспасөз қызметі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Астанада жалпықалалық сенбілік өтіп жатыр. Сарыарқа ауданындағы саябақтар мен скверлерді жинауға 12,5 мыңға жуық тұрғын шығып, 600 ағаш отырғызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қатысушылар арасында шағын және орта бизнес, мәдениет, спорт, ардагерлер кеңесінің, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, еріктілер мен елорда тұрғындары бар.

«Қарағай, шырша, қайың сияқты ағаштар отырғызылды. Саябақ аумағында суару жүйесі бар. Яғни, 15-20 минут сайын әр учаскеде автоматты суару жүргізіледі. Оған мердігер ұйым мен суару қызметі, сондай-ақ әкімдік тарапынан техникалық қадағалау жасалады», - дейді Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жансейіт Тынбаев.



Оның айтуынша, ағаштардың 90-95% аумаққа бейімделіп, тез өсіп кетеді.

Көктал паркінің жалпы ауданы - 15,7 гектар. Ашылған күннен бастап мұнда 8 мыңнан астам тал егілген.

«Өткен жазда, әсіресе кешкі уақытта, демалыс, мереке күндері жергілікті тұрғындар мұнда жиі келетін болды. Көпшілікке саябақ ұнайды. Өйткені, паркке бару үшін сол жағалауға бет алудың қажеті жоқ. Мұнда баскетбол, теннис, волейбол алаңдары, шағын сәулет нысандары, спортшыларға, жастарға арналған алаңдар, модульдік дәретханалар бар. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті дамыту жоспарланған. Яғни, барлық ниет білдірушілер әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы ашық түрде жұмыс істей алады», - деп тоқталды Жансейіт Тынбаев.

Ол жақын арада тұрғындардың жайлылығы үшін маса өлтіру жұмысы жүргізілетінін мәлім етті.

Еске салсақ, елордада 8 сәуірден 6 мамырға дейін «Жасыл Астана» дәстүрлі экологиялық айлығы өтіп жатыр.

Оның аясында коммуналдық және жалпықалалық бірнеше сенбілік ұйымдастырылады.



Соңғы жаңалықтар