Елорданың медицина мекемелері жаңа құрылғылармен қамтамасыз етілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтандағы медициналық ұйымдар коронавирус пен пневмонияны емдеуге қажет қосымша жабдықтармен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, бүгін қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен бірқатар ұйымдарда болып, күзгі маусымдық аурулар – ЖРВИ мен тұмаудың көбеюін ескере отырып, мекемелердің COVID-19 індетіне дайындығын тексерді.

Осылайша, 50-ден астам жасанды тыныс алу аппараты, 2 компьютерлік томограф, өкпенің зақымдану пайызын көруге мүмкіндік беретін 7 сандық рентген жүйесі, 3 оттегі резервуары қосымша сатып алынды. Сонымен қатар қаланың емдеу мекемелеріне 500-ден астам оттегі концентраторы, 250-ге жуық жасанды желдету тыныс алу аппараты, 300-ге жуық флоуметр, 500 көпфункционалды арнайы кереует жеткізілді. Сондай-ақ 1600-ге жуық оттегі нүктесі бар.

«Демалыс күндері карантин шараларын енгізудің арқасында қалада COVID-19-ға қатысты ахуал тұрақталды. Медицина мекемелері мен қызметкерлерге ауыртпалық түспеу үшін, қатаң санитариялық нормаларды сақтауды жалғастыру қажет. Коронавируспен күреске дайындық тоқтаған емес. 110 тоннадан астам дәрі-дәрмек сатып алынып, мекемелер медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Күзде өршитін ЖРВИ індетімен бірге коронавирусқа қатысты ахуал да күрделенуі мүмкін. Сондықтан біздің барлық медицина ұйымдары дайын.

Жақында медициналық жабдықтардан басқа жылжымалы флюорографиялық кешендер, сандық рентген жүйелері және жоғары дәлдіктегі желдеткіштер де келеді. Мысалы, бүгінде стационарларды өкпені жасанды желдету аппаратымен қамтамасыз ету шамамен 94%-ды құрайды», – деді қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.

Бақтияр Мәкен әкімдік жеке және республикалық клиникалармен олардың компьютерлік томография аппараттарын қала емханалары мен стационарларына бекіту туралы келісімге қол қойғанын атап өтті. Компьютерлік томографтардың жалпы саны – 19. Қажет болса, қаланың барлық 17 стационары қайта ашылып, инфекциямен күреске жұмылдырылатын болады.


Соңғы жаңалықтар