Елорданың қызмет көрсету орталықтары жыл басынан 100 мыңнан астам өтініш қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылдың басынан бастап Нұр-Сұлтандағы Тұрғын үй орталығына, «Жанұя» және iQala орталықтарына тұрғын үй және төлемдер мен оқу мәселесі бойынша сұрақтармен 100 мыңнан астам азамат жүгінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығына 32 мың сұрақпен 36 мыңнан астам адам жүгінді. Оның жартысы атаулы әлеуметтік көмекке қатысты болды. Сондай-ақ, тұрғындарды негізінен әлеуметтік қызметтер порталының жұмысы (12 744 өтініш), тұрғын үй, жұмысқа орналасу, денсаулық сақтау, «Кәсіпкер ана», «Бастау» жобалары, бизнес және микрокредит беру, отбасын әлеуметтік қолдау және тағы басқа мәселелер қызықтырады.

Сұрақтардың бәріне жүйелі кеңестер беріліп, оларды шешу үшін шаралар қабылданды.

Күн сайын 300-ден астам адам Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ қызметкерлерінен кеңес алады.

Интернет-ресурстарда Тұрғын үй орталығының қызметі туралы маңызды ақпарат толығымен жарияланады. Азаматтар тиісті кеңесті zhilfond Nur-Sultan мобильді қосымшасы; zhilfond.kz (онлайн кеңес беру, директордың блогына жүгіну), zhil-astana.kz сайты, upravlenie.zhilya, zhilfond_nursultan – Instagram; Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй қоры – Facebook арқылы орталыққа бармай-ақ, онлайн ала алады.
Айта кету керек, елорда тұрғындарының iQala орталығының қызметіне де сұранысы артуда. 2021 жылдың басынан бері орталық қызметкерлері 87 мың қызмет көрсетті.

iQala қалалық қызметтер орталығы Нұр-Сұлтан қаласының коммуналдық қызметтерін орталықтың фронт-офлайн форматында, сондай-ақ www.iqala.kz сайты арқылы онлайн ұсынады.

Сервисті цифрландырудың арқасында порталдың көмегімен қызметтерді алудың танымалдылығы қарқын ала бастады. Ең жиі түсетін өтініштер – электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, сумен жабдықтау және су бұруға арналған шарттар жасасу бойынша.

Қажетті қызметтерді алу үшін www.iqala.kz порталы арқылы аптаның кез келген күнінде тәулік бойы өтініш беруге болады. Ол үшін порталда ЭЦҚ арқылы тіркелу, содан кейін қажетті ұйымды, бұдан әрі – қажетті қызметті таңдау қажет. Өтініштерді өңдеу мерзімі регламенттелген. Клиент өтінішінің дайындығы туралы ұялы телефон нөміріне SMS-хабарлама жіберіледі.

Қызметтерді алу үшін астаналықтар «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін фронт-кеңсеге де жүгіне алады. Яғни елорда тұрғындары мен кәсіпкерлеріне қызмет алу үшін әрбір коммуналдық қызметке жеке барудың қажеті жоқ. Енді барлық қалалық коммуналдық қызметтермен келісім жасасу үшін «бір терезеге» бару жеткілікті.

Бүгінде iQala елорда тұрғындарына тұрғын үй-коммуналдық секторының 152 қызмет түрін көрсетеді. Орталықтың алдағы жоспарында монополистердің барлық қызметін цифрландыру, цифрландырылған сервистер тізімін кеңейту, қызмет көрсету үшін бизнес-процестерді автоматтандыру және қала тұрғындарына қызмет көрсету сапасын арттыру мәселесі тұр.

Естеріңізге сала кетейік, iQala қалалық қызметтер орталығы елорда әкімдігінің бастамасымен және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолдауымен «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында құрылды. Оның жұмысын «Astana» ӘКК» АҚ жүзеге асырады.

Соңғы жаңалықтар