Елорданың көше камераларындағы көріністерді тексеру жеңілдетілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы бейнекамераларда 3,7 мың тәртіп бұзу оқиғасы тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық академиялық кітапханада уәкілетті орган жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. «iKomek» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының басшысы Жанат Дүбірованың айтуынша, 6 айдың ішінде камераға түскен келеңсіз көріністер саны былтырғы 12 айдың көрсеткішіне жақындаған.

«Қаладағы барлық бейнебақылау камераларын бір орталыққа біріктірдік. Қазірдің өзінде 8 мың камера орталықтандырылды. Ондағы ақпаратты құқық қорғау органдары да пайдалана алады. Камера деректерінің сипатына келсек, көбінесе мас күйде көшеде жүру, шылым тұқылын жолға тастау, көлікті немқұрайлы қою, төбелес сияқты келеңсіз көріністер көп түседі. 2018 жылы камераларға түскен келеңсіздіктердің саны 4 мыңнан асса, биыл жарты жылдың өзінде 3,7 мың келеңсіздік тіркелген», - дейді Жанат Дүбірова.

Орталық басшысы бақылау камераларының бір орталыққа біріктірілуі оның көмегіне жүгінгісі келген тұрғындардың жұмысын жеңілдеткеннін айтады.

«Халық үшін байланыстың бірнеше түрін жолға қойдық. Бұрын камерадағы деректі көру үшін кеңсеге барып, өтініш жазу қажет еді. Ал қазір 109 нөміріне қоңырау соқса жетіп жатыр. WhatsApp немесе Telegram чат-боттары арқылы қажет дерекке сұрау салуға болады. Осындай байланыстың арқасында әлеуметтік желі арқылы келеңсіздіктерге назар аударатын тұрғындар саны артып келеді. Былтыр аталмыш әлеуметтік желілер арқылы ғана тұрғындардан 90 мың өтініш түскен болатын», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар