Елорданың көпбалалы аналары қолөнер бойынша тегін оқудан өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда қала әкімдігінің қолдауымен «Асыл ана» әлеуметтік жобасы іске қосылды. Жоба аясында 6, 7, 8, 9 маусым күндері көпбалалы аналарға тігіншілікке, қолданбалы өнерге үйрететін тегін шеберлік сабақтары өткізіледі, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Шеберлік сабақтарын елімізге танымал, этникалық стильде қолөнер және ұлттық өнер бұйымдарын шығаратын дизайнер, ҚР Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» сыйлығының иегері Ырза Тұрсынзада өткізеді. Шеберлік сабақтары «Дипломат» қонақ үйінде сағат 11:00-ден басталады.

Шеберлік сабағының қатысушыларына қолданбалы өнердің қыр-сыры, жеке кәсіпті ашудың жолдары және оны әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, табысты жүргізуді үйрететін болады.

«Аталмыш іс-шараға қолөнерді үйренгісі келген көпбалалы аналардың бәрі қатыса алады. Өз кезегінде қатысушылар тарапынан талпыныс, өз бетінше табыс табуға ұмтылу және табысты әйелдер қатарында болуға деген ынта-жігер талап етіледі», - деп хабарлайды ұйымдастырушылар.

Тренинг барысында пайдалы білім алған көпбалалы аналар елорда күні мерекесіне арналған «Асыл ана» байқауына қатыса алады. Ол 15 маусымда өтеді.

Байқауға қатысушылар көрмеде өз бұйымдарын жұртшылыққа ұсынады, ал жеңімпаздар дипломдар мен тігін машиналары секілді бағалы сыйлықтарға ие болады.

Ұйымдастырылған шеберлік сабақтары «Асыл ана» әлеуметтік жобасының бір бөлігі болып есептеледі. Оның мақсаты - көпбалалы аналарды қолөнершілікке үйрету, оларды ұлттық брендті дамыту арқылы шағын және орта бизнеске тарту. Іс-шаралар кешеніне оқыту семинарлары, тігін және қолданбалы өнерді оқыту бойынша семинарлар, әлеуметтік желілер арқылы бизнес жүргізу үшін өздерінің көрмелерін, шеберлік сыныптарын ұйымдастыру кіреді. Жобаның әрбір кезеңі шеберлердің, психологтардың, заңгерлердің және бизнес жаттықтырушылардың жетекшілігімен жүргізіледі.

Сонымен қатар, «Асыл ана» жобасы заңгерлік және психологиялық кеңестер, оңалту көмегін көрсететін көпбалалы аналарды қолдау орталығын құруды көздейді. Бұл жерде көпбалалы аналардың өздері жұмысқа орналаса алады.

Орталықта шағын балабақша ұйымдастыру және жыл бойы семинар-тренингтер мен шеберлік сабақтарын өткізу көзделіп отыр. «Асыл ана» әлеуметтік жобасы көпбалалы аналардың өз ісін жүргізу әлеуетін ашуға, олардың өз мүмкіндіктерін дамытуға, сондай-ақ ұлттық қолөнершілікті заманауи трендке айналдыруға ықпал етеді деп күтіліп отыр.

Шеберлік сабақтарына қатысу туралы сауалдарға 8775 9976866, 87758604141 нөмірлерінен жауап алуға болады.

Соңғы жаңалықтар