Елорданың көңіл көтеру орындары карантин талаптарын елер емес

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың көңіл көтеру орындары карантиндік шектеулерге қарамастан, талаптарды бұзуды жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәселен, Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, полиция қызметкерлері рейд барысында сағат 23.35-те келушілерді қабылдап, ішімдік ұсынуды жалғастырған «Текила» мейрамханасын анықтады. Тексеру нәтижесінде полицейлер мейрамханада көңіл көтеріп отырған 36 адамды ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартты. Шектеу шараларының бұзылуына жол берген мейрамхана иесіне қатысты да әкімшілік шара қабылданды.

«Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті карантин уақытында жұмыс істеуіне тыйым салынған көңіл көтеру орнына бару арқылы өзіңіздің ғана емес, төңіректегі адамдардың да өміріне қауіп төндіретініңізді ескертеді. Полицейлер карантин шараларын бұзғаны үшін жауапкершіліктің бар екендігін ескертіп, санитарлық нормаларды сақтауға шақырады», - деді ведомстводан.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін елордадағы «Алания» түнгі клубы карантин режимін бұзғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Келушілерге де айыппұл салынған еді.

Алайда, аталған клуб тарапынан карантин талаптарын бұзу жиілеп кетуіне байланысты оның әкімшісі қамауға алынды.


Соңғы жаңалықтар