Елорданың қоғамдық көлік бақылаушыларына жолаушыларға айыппұл салу құқығы берілуі мүмкін
2022 жылғы 16 мамыр 13:44

Елорданың қоғамдық көлік бақылаушыларына жолаушыларға айыппұл салу құқығы берілуі мүмкін

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың қоғамдық көлік бақылаушыларына жол ақысын төлемейтін жолаушыларға айыппұл салу құқын беру керек. Бұл жайында City Transportation Systems (CTS) компаниясының баспасөз хатшысы Науат Азанбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егер статистикаға қарайтын болсақ, 2021 жылы билетсіз жүрген 239 мың жолаушы анықталды. Олардың тек шамамен 9 мыңы ғана айыппұл төлеген», - деді Науат Азанбаева агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Оның атап өтуінше, бүгінде қоғамдық көлік бақылаушыларының жолақысын төлемеген жолаушыға айыппұл салу құқы жоқ. Мұндай өкілеттік тек жергілікті полиция қызметінде ғана бар.

«Бірақ, әр уақытта полиция шақыру қолайсыздық тудырады, тіпті пайдасыз десек те болады. Өйткені, олар тек 40 минутан кейін ғана келеді. Қай жолаушы аялдамада 40 минут бойы күтіп тұрады. Олар кетіп қалады, қашып кетеді. Бақылаушылардың оларды ұстауға құқығы жоқ. Сондықтан біздің компаниямыз Көліктік бақылау департаментіне сол жерде бірден айыппұл жазып беру құқығын беру қажет деп санайды. Жолаушылар 90 теңгенің орнына билетсіз жүргені үшін 6 мың теңге төлегеннен гөрі жолақысын бірден өтейтін болады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, бұл үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзертулер енгізу қажет.

Айта кетейік, елордада жолаушылар жол ақысын екі жолмен төлей алады – бұл көлік картасымен және QR-кодты сканерлеу арқылы. Ол үшін әртүрлі қосымшалар бар (Transcard, Kaspi.kz, Homebank, ұялы байланыс операторларының қосымшалары және тағы басқа). Жол жүру құны 7 жыл бойы 90 теңге деңгейінде сақталған.



Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT