Елорданың қай аумағында ақылы автотұрақтар пайда болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС директоры Шыңғыс Досыбаев елорданың қай аумақтарында ақылы автотұрақ пайда болатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзіне қарағанда, 2015-2016 жылдары қала әкімдігі коммуналдық ақылы тұрақтар орналасатын жерлерді айқындады. Бұл ретте аумақтық орналастыру туралы шешім көлік трафигі жүктемесі бойынша талдау мәліметтеріне негізделді.

«Көлік жүктемесі бойынша осы мәліметтер негізінде елорданың әкімшілік іскерлік орталықтары айқындалды. Бұл жерлерде трафик ағынын реттеу тетігі ретінде және тұрақ орындарындағы айналымды арттыру үшін ақылы автотұрақтарды енгізу қажет», - деді Ш. Досыбаев.

Оның сөзіне қарағанда, аталған аумақтарға Сығанақ-Сарайшық, Мәңгілік Ел-Тұран даңғылдары аралығы еніп отыр.

«Бұл аумақта ұлттық компаниялардың, іскерлік бизнес-орталықтардың басым бөлігі орналасқандықтан, жұмыс уақыты кезінде бос тұрған автотұрақты табу қиынға түсетіні белгілі. Бұл өз кезегінде тұрғындарға және автокөлік иелеріне қолайсыздық тудырады. Себебі тұрақ іздеген жүргізушілер сол аумақты көлігімен бірнеше рет айналып шығуға мәжбүр болады. Осы арқылы көшедегі негізгі көлік трафигінің баяулауына әсер етеді», - деді ол.

Сонымен қатар Ш. Досыбаев қаланың оң жағалауында ақылы тұрақтарды енгізу жоспары туралы айтып берді.

«Оң жағалауға тоқталсақ, Сарыарқа ауданында ақылы автотұрақтарды орналастыру бойынша шешім қабылданды. Атап айтқанда, Жағалау маңы, Бөгенбай батыр, Сарыарқа және Республика даңғылдары аумағында тиісті жерлер белгіленді. Бұл аумақта тұрақ орындарын ұйымдастырудың тапшылығы сезілуде», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар