Елорданың электр қуатынсыз қалуына қатысты іс бойынша 6 адам жауапқа тартылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қараша айында елордада болған апатты электр өшу оқиғасы үшін 6 адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордадағы электр энергиясының апатты үзілуі туралы істі тергеу аяқталды. Тергеу ҚР Бас прокуратурасының бақылауында болды. Қазіргі уақытта жауапты адамдарға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылды. 2019 жылдың 31 желтоқсанынан бастап, іс материалдарымен танысу басталып кетті. Ең алдымен, өрт-техникалық қауіпсіздікті бұзу, сәулеттік және қала құрылысы қызметін бұзу баптары қамтылды», - деп жауап берді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов тілшілер сұрағына.

Оның айтуынша, мердігерлік, субмердігерлік ұйымдарға және авторлық және техникалық бақылаумен айналысқан ЖШС өкіліне қатысты тергеу жүргізілген.

«Мұндай оқиғаға жол бермеуі тиіс болған жетекшілер мен инженерлер, құрылыс жұмыстарымен айналысқан негізгі мердігерлік ұйым «Құлагер» құрылыс компаниясы мен «LB Group» ЖШС өкілдері және авторлық және техникалық бақылаумен айналысқан екі ЖШС өкілдері жауапқа тартылды. Сот-құрылыс, сот-техникалық және өрт-техникалық сараптамалар жүргізілді. Қазіргі уақытта іс аяқталды, күдіктілер іс материалдарымен танысып жатыр. Жалпы алты лауазымды тұлғаға айып тағылды», - деді Санжар Әділов.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 9 қарашасынан 10 қарашасына қараған түні сағат 02.04-те елордадағы «Левобережная» 110/10 кВ шағын стансасының 10 кВ кабель каналында өрт шығып, кабель желісі зақымданды. Соның салдарынан қаланың сол жағалауындағы кейбір тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттар жарықсыз қалды. Олардың қатарында Ақорда, Парламент Сенаты, Мәжіліс, Министрліктер үйі, Үкімет үйі, Жоғарғы сот, «Уют», «Краун Плаза», «Тұмар» (2 үй), «Арт Хаус», «Вива плаза», «Алатау», «На водном зеленом бульваре», «Бәйтерек» монументі, «Изумрудный квартал» бизнес орталығы, «Керуен», Ұлттық кітапхана мен Ұлттық мұрағат ғимараттары бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев апатты жағдайға байланысты Үкіметке арнайы комиссия құруды тапсырған болатын.


Соңғы жаңалықтар