Елорданың бүкіл коммуналдық мекемелерінде жалақы өсті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың барлық коммуналдық мемлекеттік мекемелері қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жакенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Күні кеше ғана әкімдік барлық коммуналдық мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысын қосымша көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл мәдениет нысандарының, музейлердің, театрлардың, сонымен қатар әкімдік жанындағы қоғамдық келісім мекемесінің қызметкерлеріне де қатысты», - деді Берік Жакенов Нұр-Сұлтан қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында.

Оның дерегінше, соңғы 3 жылда елорда тұрғын үй құрылысы саласында 5 жылдың нормасы орындалып, 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

ЖЭО-3 құрылысы қайта жанданып, жауын суына арналған кәріз жүйесі, сорғы-сүзгі стансасы салынып жатыр. 50 шақырым инженерлік желі, 2 мектеп, 2 спорт кешені салынды.

Алматы, Сарыарқа аудандарындағы 10 тұрғын үй алабы толықтай газға қосылды. 680 шақырым газ тарату желісі төселді.

«Биыл Байқоңыр мен Есіл аудандарын газдандыру жүріп жатыр. Соңғы 3 жылда ұзындығы 165 шақырым болатын 300-ден астам көше салынып, жөнделді. 2 автомобиль көпірі салынып жатыр. Биыл Ұлы дала даңғылығындағы, келесі жылы Тәуелсіздік даңғылындағы көпір құрылысы аяталады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар