Елорданың Байқоңыр ауданында сүрілетін үйдің тұрғындарына баспана беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр ауданында сүрілетін үйдің тұрғындарына «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспана беріледі. Бұл туралы бүгін аудан әкімі Асқар Есілов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өндіріс» тұрғын үй алабында 22 тұрғын үйдің біреуі апатты жағдайда. Оны сүріп, тұрғындарды биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қоныстандыру көзделіп отыр», - деді ол елорда әкімдігінде өткен қоғамдық тыңдау барысында.

Сонымен қатар Асқар Есілов Байқоңыр ауданының аумағындағы тұрғын үй алаптарында 4 мектеп, 2 мемлекеттік балабақша және 1 колледж бар екендігін айтты. Ол мектептердегі орын жетіспеушілігі проблемасына тоқталды.

«Бастауыш сыныпта оқитын балалар №34 орта мектебінде үш ауысыммен білім алып жатыр. Бұл мектептің жобалық қуаты 330 орынға шақталған. Ал іс жүзінде 721 бала оқып жүр. Ал №23 орта мектептің жобалық қуаты 736 орын болса, қазір 770 бала білім алады», - деді аудан әкімі.

Осы орайда ол бұл проблеманы шешу жолдарын да ұсынды.

«Осыған орай жүктемені төмендету және үш ауысымдық білім беру проблемасын шешу үшін аталған мектептерге жапсарлас құрылыс нысандарын салу мүмкіндігін қарастыру қажет», - деді А.Есілов.

Соңғы жаңалықтар