Елорданың бас дәрігері ревакцина жасатты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов қайта екпе алу үшін емханаға келді. Бұл жолы ол қазақстандық QazVac препаратын салдыртты, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Басқарма басшысы қайта вакцинациялау керектігін айтты.

«Инфекция мен вакцинациядан кейін иммунитеттің әлсіреуі деген табиғи процесс бар. COVID-19 – жұқпалы ауру, одан иммунитет қатты әлсірейді және ұзақ уақыт қалыптаспайды. Өзіңізді инфекциядан қорғау үшін ревакцинация жасау керек. Сонымен қатар, ревакцинация бір инъекция арқылы жүзеге асырылады, бұл сіздің иммунитетіңізді ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді», - деді Т.Мұратов.

Ведомство басшысы бұл жолы неге отандық вакцинаны таңдағанын түсіндірді.

«Бірінші рет, ақпан айында мен Спутник вакцинасын алдым. Ол кезде екпенің бір-ақ түрі қолжетімді болатын. Ресейлік вакцинадан кейін QazVac немесе Sinofarm Vero Сell екпелеріне рұқсат етілгендіктен таңдауым әлбетте өзіміздің вакцнамызда үседі. QazVac клиникалық сынақтардың қажетті кезеңдерінен өтті және тәжірибе көрсеткендей, тиімділігін дәлелдеді» , - деп толықтырды басқарма басшысы.

Сондай-ақ, ол қайта екпе алмаған жағдайда ағзаға қандай қауіп төнуі мүмкін екендігін қозғап өтті.

«Вирус мутацияға ұшырайды. Оның қаншалықты ауыр түрде өтетінін ешкім біле алмайды. Егер екпені қазір алмай вирус жұқтырар болсақ, ауру өте ауыр өтуі мүмкін», - деп түсіндірді ведомство басшысы.

Бүгінгі күні ревакцинация науқаны басталғаннан бері қала бойынша медициналық қызметкерлер, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және күш құрылымдарының қызметкерлері вакцинаны қайта алып жатыр.

Жалпы елордада вакцинаның бірінші компонентін 467 мыңнан астам адам алған. Pfizer вакцинасын 5 мыңға жуық астаналық алды.


Соңғы жаңалықтар