Елорданың 3D картасы жасалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының 3D картасы жасалып, ғимараттар мен инженерлік желілер цифрландырылады. Бұл туралы қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы ҚазАқпарат редакциясының сауалына жауабы барысында мәлім етті.

«Нұр-Сұлтан қаласының 3D сандық картасын жасауға 100-ден астам маман тартылды. Олардың қатарында жерді қашықтан зондтау, аэрофотүсірілім, картография, фотограмметрия, ақпараттық технологиялар жөніндегі кәсіп иелері бар. Қаланың 3D картасы мен инженерлік желілерді цифрландырылу жұмысы 3 кезеңнен тұрады. Алдымен қаланың 2D картасын жасау, содан соң 3D картаны әзірлеу және үшінші кезең инженерлік желілер картасын дайындау. Бұл бағыттағы жұмыс осы жылдың 10 маусымында басталды, аяқтау 2021 жылдың 31 желтоқсанына жоспарланып отыр», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, аталған басқарма қазіргі уақытта қаладағы инженерлік желілер бойынша қандай проблемалар барында атап өтті.

«Бүгінгі таңда қаланың инженерлік желісінің басты проблемасы - картада координаттар дұрыс орналастырылмаған. Сондықтан қандай да бір жер жұмыстарын жүргізу кезінде инженерлік желілерді зақымдау қаупі бар. Бұл мәселені шешу үшін инженерлік желілердің бірыңғай картасы болуы шарт. Сондай-ақ, аталған карта коммуналдық қызмет, қала әкімдігі және басқа да мүдделі тараптардың жұмысы барысында қажет», - деп хабарлайды басқарма.

Аталған мекеменің мәліметінше, цифрландыру және 3D жұмысына толықтай отандық мамандар тартылады.

«Цифрлық 2D / 3D картасын жасау ең алдымен ХХІ ғасырдың технологияларына сәйкес қала құрылысын жоспарлау үшін, сондай-ақ цифрлық бас жоспар құру үшін қажет. Елордадағы ғимараттар мен инженерлік желілерді цифрландыру жұмыстарына «KazAeroSpace» ЖШС жауапты және онда толықтай отандық мамандар жұмыс істейді. Бұл жауапты ұйым қаланың картасын фотограмметрия ғылымының негізіне сүйеніп әзірлейді. Және ол технологияның патенті мен авторлық құқығы бар», - деп жазылған сауал жауабында.


Соңғы жаңалықтар