Елордамыздың Нұр-Сұлтан атануы халықтың Елбасына көрсеткен құрметі - Бақытжан Жұмағұлов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордамыздың Нұр-Сұлтан атануы халықтың Қазақстанның Тұңғыш Президентіне көрсеткен құрметі. Мұндай пікірді бүгін Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысында Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен мереке күндері Алматы қаласында және Алматы облысында болып, зиялы қауыммен, ғалымдармен және инженерлермен кездестім. Сол кезде халықтың арасында жүріп, көп нәрсені көкейге түйдім. Сондықтан бүгін алдарыңызда естігенімді емес, көргенімді, жүрегіме түйгенімді айтқым келеді. Алдымен, біз бүгін шын мәнінде тарихи сәтті бастан кешіріп жатқанымызға назар аударсам деймін. Елбасының тарихи шешімі мен елдің даму жолындағы тың өзгерістер халық тарапынан қызу қолдау табуда», - деді ол.

Сенатор халық Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының айналдырған 30 жылдың ішінде бүкіл әлем мойындаған, алпауыт елдердің өздері санасатын, экономикасы тұрақты, саяси әлеуеті зор, қуатты мемлекет құрғанын ерекше айтып, өздерінің шексіз ризашылықтарын жеткізіп жатқанын айтты.

«Қазақстандықтар Елбасының есімі ел тарихына алтын әріппен жазылатын тұлға болып қалатынын да айтып, өздерінің қолдауларын білдіріп жатыр. Елбасы Қазақстанды саяси тұрақты, бүкіл әлем таныған және құрметтейтін, заманауи, қарқынды дамып келе жатқан озық мемлекетке айналдыра білді. Қазақстан барлық экономикалық көрсеткіштер бойынша Орталық Азияның көшбасшысына айналды. Тұңғыш Президенттің ерен еңбегінің арқасында біз әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылдық. Алдымызда дамыған 30 елдің қатарына енуге бағытталған нақты мақсаттар тұр», - Сенат депутаты.

Осы ретте Б.Жұмағұлов еліміздегі өзгерістер шетелдік саясаткерлер мен сарапшылардың да назарынан тыс қалмағанын атап өтті. Олар Елбасының Қазақстанды тұрақты даму жолына түсіргенін айта отырып, əлемдік қауымдастыққа да сіңірген орасан зор еңбегін ерекше мән беріп отырғандығына назар аудартты. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым Елбасы, ұлтымыздың көшбасшысы, тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, ел ішінде және халықаралық аренада зор беделі бар әлемдік деңгейдегі саясаткер болып қала беретіндігін айтты. Тұңғыш Президентіміз белгілеген стратегиялық жол әрі қарай да жалғаса беретіндігіне сенім білдірді.

«XXI ғасырда жаңа Астанамыздың бой көтеруі де Тұңғыш Президентіміздің ең басты ерліктерінің бірі. Бар-жоғы 20 жылда бас қаламыз Тəуелсіз еліміздің шынайы бет-бейнесіне, халқымыздың мақтанышына айналды. Астанамыз, шын мəнінде, өткеннің құндылықтарын көрсете отырып, күллі əлемге Қазақстанның жаңа бейнесін паш етті. Елбасының осындай қыруар еңбектерін ел болып бағалап, Парламенттің бірауыздан қабылдаған шешімі негізінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын Нұр-Сұлтан деп атау туралы Жарлыққа қол қойды. Өз басым бұл қадамды халықтың Қазақстанның Тұңғыш Президентіне көрсеткен құрметі деп білемін және оны толығымен қолдаймын. Сондай-ақ бұл шешімді уақытылы және орынды қабылданды деп есептеймін. Дәл осындай сөзді елдегі зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен инженерлер де айтуда», - деп түйіндеді сөзін Б.Жұмағұлов.

Соңғы жаңалықтар