Елордалықтардың орташа жалақысы қалай есептеледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні Астана қаласы бойынша орташа айлық жалақы 230 мыңнан теңгеден асады. Астана қалалық Статистика департаменті бастығының міндетін атқарушы Жанар Серікбаева бұл мәліметтердің қайдан алынатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Жанар Серікбаеваның айтуынша, бұл мәлімет қаладағы тіркелген кәсіпорындар, соның ішінде ұлттық компаниялар, министрліктер, ірі кәсіпорындардың бас кеңселері тоқсан сайын тапсырып отыратын 1-Т (еңбек бойынша есеп) статистикалық формасын талдау сараптамасы бойынша құрылады.

Статистика департаментінің мәліметінше, Астанада 2019 жылдың 1 қаңтарында 73 мыңнан астам заңды тұлға, филиал, өкілдіктер және 98 мыңға жуық жеке кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.

«Астанадағы қызметкердің орташа айлық кесімді жалақысы 2018 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 233 163 теңгені құраған. Бұл мәлімет біздің тоқсан сайын қалада тіркелген кәсіпорындар мен заңды тұлғалардан жинап отыратын статистикалық үлгілерге негізделіп отыр. Олар 1-Т формасы бойынша есептеледі. Одан кейін біз бір қызметкердің орташа жалақысын есептейміз. Ол есептелген жалақы қоры сомасын (лауазымдық қызметақы, қосымша төлем, үстеме, сыйақы және басқа да төлемдер, салықтар мен басқа шегерілген сомаларды) қызметкерлердің санына және есептік кезеңдегі айлардың санына бөлу жолымен анықталады», - деп түсіндірді Ж.Серікбаева.

Ол сондай-ақ, елордада барлық ірі кәсіпорындар, ұлттық компаниялардың бас кеңселері, министрліктер, шағын және орта бизнес субъектілері орналасқанын есепке алу керек екенін атап өтті.

Орташа айлық жалақы туралы ресми статистикалық мәлеміттерді stat.gov.kz сайтынан қарауға болады.

Соңғы жаңалықтар