Елордалықтар оқып шыққан кітаптарын тегін алмастыра алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «Astana Kitap Fest» аясында демалыс күндері ашық аспан астындағы қоғамдық кітап сөресі жұмыс істеді. Тұрғындар ұсынылған кітаптардың арасынан өзіне ұнағанын таңдап, оны оқып шыққан кітабына айырбастай алды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Елордадағы алғашқы «Astana Kitap Fest» фестивалінің мақсаты - халық арасында кітап оқуды насихаттау. Кітап алмасу шарасы «Арбатта» өтті. Тұрғындардың бірі өзіне ұнаған кітапты ешқандай ақы төлемей үйіне алса, енді бірі керісінше, оқып шыққан кітабын қоғамдық сөреде қалдырған болатын.

«Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінованың айтуына қарағанда, мұндай сөрелер қалалықтар үшін таңсық дүние емес. Астананың көптеген сауда орталықтарында жұмыс істейтін қоғамдық кітап сөрелері бүгін халықтың жақсы бағасын алып үлгерген.

«Біздің қауымдастықтың бастамасымен Астанада былтырдан «Вolashak books» жобасы іске асырылып келеді. Бұл - әлеуметтік білім беру жобасы. Бүгінгі таңда қоғамдық кітап сөрелері «Сарыарқа», «Ханшатыр», «АжарMall», «Азия парк», «Керуен» сияқты сауда орталықтарында бар. Жобамыз, әсіресе, өскелең ұрпақ өкілдерінің арасында кеңінен танымал, сұранысқа ие. Кітаптар қашанда қолжетімді бола бермейді ғой?! Біз жастардың тегін оқу, даму, жаңашылдықтарды тану мүмкіндігінің бар екендігін көрсін дейміз. Табысты түрде жүзеге асып жатқан жоба болашақта да өз жалғасын табады», - деді Лаура Демесінова.

Сонымен қатар, «Astana Kitap Fest» кітап фестивалінің аясында қала тұрғындары мен қонақтары түрлі салада зор жетістіктерге қол жеткізген атақты астаналық тұлғалармен кездесті. «Талап» қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев, «Дарын» академиясы мен «Жастар» футбол клубының негізін қалаушы Әділ Игембердиев пен «Томирис» фильмінде басты рөлді сомдайтын актриса Альмира Тұрсын Bookdating алаңында жиналғандарға өздері тамсана оқыған кітаптары, сүйікті авторлары жайлы айтып берді.

Айта кетейік, Book Dating аясындағы мұндай кештер елордада үш жыл қатарынан ай сайын өткізіліп келеді.

Фестивальді Астана қаласы әкімдігі, ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы стипендиаттары қауымдастығы, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы және Астана қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырды.

 

Соңғы жаңалықтар