Елордалықтар мамыр айындағы мерекелерді қалай атап өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні, 7 мамыр - Отан қорғаушы күні және 9 мамыр - Жеңіс күніне орай көптеген мәдени және спорттық шаралар өтетіні жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, 1 мамыр меркесіне орай «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда мерекелік концерт өтеді. Онда «Ынтымағы елімнің, Елбасының еңбегі!» музыкалық-хореографиялық қойылымын, «Терра», «Наз», «Туған жер» хореографиялық ұжымдарының, «Алашұлы» тобының, «Z» триосының, сондай-ақ қазақстандық опера және эстрада жұлдыздары Сүндет Байғожиннің, Медет Чотабаевтың, Зарина Алтынбаеваның, Маржан Арапбаева және ағайынды Жүгінісовтердің өнерін тамашалауға болады. Мерекелік театрландырылған қойылым Нұр-Сұлтан қаласының этно-мәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдарының концертімен жалғасады.

Сонымен қатар, жиналғандар алаңда ұйымдастырылатын белбеу күресі, арқан тартыс, гір көтеру, асық ату және қол күресі сынды ұлттық спорт түрлерінен күш сынаса алады.

Бұдан басқа, әрбір этно-мәдени бірлестік өзінің ұлттық тағамдарын әзірлеп, дәм тату үшін оларды көпшілікке ұсынады. Осы мақсатта алаңда галерея түрінде шатыр конструкциясы орнатылады. Мерекелік дастарқанның ұзындығы 50 метрді құрайды.

Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік шара «Қазақ елі» алаңында сағат 10:00 мен 16:00 аралығында өтеді.

Осы күні сағат 12:00-ден 18:00-ге дейін әкімдік алдындағы қалалық алаңда (Бейбітшілік көшесі мен Абай даңғылының бұрышы) танымал эстрада әншілерінің концерті өтеді. Сахна төрінде Қанат Үмбетов, Газизхан, Ернар Айдар және өзге де жұлдыздар өнер көрсетеді. Мерекелік концерт жүргізушілері - белгілі шоумендер Азамат пен Антон, Дәурен Әмреев. Сондай-ақ, мереке қонақтары асық ату, арқан тартыс, гір көтеру және қол күресінен жарыстарда бәсекеге түседі.

Бұдан бөлек, 1 мамырда сағат 17:00-де EXPO Конгресс орталығында композитор Арман Дүйсеновтың «Арман достығы» атты шығармашылық кеші өтеді. Концертке Роза Рымбаева, Нұржамал Үсенбаева, Толқын Забирова, Жәмилә Серкебаева, Тоқтар мен Бейбіт, Индира Елемес, Маржан Арапбаева, Айгүл Қосанова, Ерлан Рысқали, Әйгерім Қалаубаева, «Нұр-Мұқасан», «МузАРТ» топтары және шетелдік артистер қатысады. Билеттер www.topticket.kz сайтында онлайн және қалалық кассаларда («Keruen city» СОСО, «Керуен» СОСО, «Астана» концерт залы, «Жастар» сарайы) сатылады. Бағасы 2-8 мың теңге аралығында.

Бұдан басқа, елордалық театрларда, музейлерде және басқа да мәдени мекемелерде Қазақстан халқының бірлігі күніне орайластырылған тақырыптық көрмелер, спектакльдер, концерттер мен спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласында 20-дан аса шара өткізілетіні жоспарланған. Шаралар кестесімен Мәдениет және спорт басқармасының сайтынан танысуға болады.

Ал 7 мамыр мерекесіне орай әкімдік алдындағы қалалық алаңда дискотека форматында бес сағаттық концерт ұйымдастырылады. Мәдина Сәдуақасова, Бейбіт Құшқалиев, Ayree, «Заман», «3038» тобы, Раим мен Артур елордалықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтайды. Концерт сағат 17:00-де басталып, 22:00-де аяқталады.

Жеңіс күнін мерекелеу аясында 8 мамырда сағат 10:00-де Орталық қалалық зиратта Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған жауынгерлердің зиратына Даңқ гүл тізбегі және гүл себеттері қойылады. Сонымен қатар, осы күні «Астана» концерт залында «Отан деп соққан жүрегі...» концерті өтеді, онда соғыс жылдарындағы әндер орындалмақ.

9 мамыр күні сағат 11:00-де «Отан қорғаушылар» монументіне «Даңқ гүл тізбегін» қою салтанаты өтеді. Ал «Студенттік» саябақта 11 әскери палатка тігіліп, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері үшін мерекелік дастарқан жайылады. Сондай-ақ, мерекелік концерт барысында соғыс жылдарындағы әндер шырқалады.

Жеңіс күніне арналған мерекелік отшашу 9 мамырда сағат 23:00-де Есіл өзенінің жағалауында болады.

Соңғы жаңалықтар