Елордалықтар Конституция күні туралы не біледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Конституция күні. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі астаналықтар Ата заңды қаншалықты білетіндігін сұрап білді.

Бекмұхаммед:

- Конституция Тәуелсіздік алған соң қабылданды. Әрине заңдық тұрғыдан алғанда Конституция керек. Онда мемлекет үшін басты құндылық адам деп жазылған.

Меруерт Нышанбай:

- Әр мемлекеттің өз Конституциясы бар және керек. Әр адам өз құқығы мен бостандығын қорғаған сәтте Ата заңға сүйенеді. Бұл маңызды құжат. Қазақстанда Конституция екі рет қабылданды. Біріншісі 1993 жылы және 1995 жылы 30 тамызда. Ата заңда адамның құқығы мен бас бостандығы қорғалуы керек деп жазылған. Әр адам Конституцияны біліп, оның талаптарын сақтауы тиіс. Біз мектепте оқығанымызда Конституция күніне орай ашық сабақ, сыныптан тыс іс-шаралар өтетін. Конституция біздің құқығымызды қорғайды, ол сол үшін де қабылданды.

Салтанат Әбілова:

- Мемлекет пен оның азаматтары үшін заң керек. Конституцияда біздің құқығымыз жазылған, демек адам өмірі үшін маңызды құжат. Мемлекеттің басты құндылығы адам болса, оның құқығын Конституция және заң арқылы қорғалып, сақталады. Жыл сайын 30 тамызда Конституция күнін атап өтеміз. Бұл мемлекеттік мереке. Есімде, мектепте Конституция күніне орай қабырға газеттерін шығаратынбыз. Балаларымызға да Ата заңның маңыздылығын айтып жүреміз. Біз заңға бағынуымыз қажет. Заң бәріне ортақ.

Әлішер Таубасов:

- Конституция керек. Бұл мемлекеттің басты құжаты. Барлық заң бастауын Конституциядан алады. Ел тұтастығы мен бірлігі Ата заңмен қорғалады. Адамдарға ортақ мүдденің бірі ол заңға бағыну. Конституцияны қабылдауда ҚР Тұңғыш Президенті ерекше рөл атқарды.

Баян Сарбасова:

- Конституция алдымен заңнамалық тәртіп. Және ол баршаға ортақ талап. Ата заңда азаматтардың құқығы туралы жазылған. Заңды күші бар Конституцияның талаптарын бәріміз сақтауымыз керек. Елде тұтастық пен тыныштық болса демек Конституция жұмыс істейді деген сөз. Адамдардың бір елде, ортақ заңға бағынып өзара тату-тәтті өмір сүру бұл да Конституцияның арқасы. Ата заңның мақсаты – алдымен адамның құқығын қорғауы тиіс, екіншіден адамдар сонда жазылған талап, міндеттерді сақтауы тиіс.

Данияр:

- Біздің ел унитарлы, зайырлы. Конституцияны қазақстандықтардың жағдайын жақсарту мақсатында қабылдады. Шатаспасам, 1995 жылы қабылданды. Бұл құжат бойынша мемлекеттің басты байлығы оның халқы. Конституция барлық заңдардың атасы. Соған сүйене отырып барлық адам өз құқығын қорғай алады. Мемлекеттің өзі осы Конституцияның негізінде қалыптасады.


Соңғы жаңалықтар