Елордалықтар иесіз қалған ит-мысықтарды асырап алуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада иесіз қалған ит пен мысықтардың жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі жәрмеңкені өткізуге себеп, жыл санап бас қаламызда қараусыз қалған ит-мысықтардың саны көбейіп келеді. Бүгінде қаладағы иесіз қалған жануарларды паналату орталығында 700-ден астам ит пен мысық бар. Дегенмен ол орталықтың шамадан тыс жануарларды қабылдау мүмкіндігі жоқ. Негізі ереже бойынша паналау орталығына келген, ит немесе мысықты 60 күн көлемінде ұстауға ғана рұқсат беріледі. Одан соң үшінші тұлғаға беру қажет. Осы мақсатта бүгінгі жәрмеңкені ұйымдастырудамыз», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының баспасөз хатшысы Дана Тұрғынова.

Оның айтуынша, елорда тұрғындарының жануарларды асырап алуға деген қызығушылықтары айтарлықтай жоғары емес.

«Бүгінгі көрмеге ветеринарлық тексеруден өткен, тазаланған ит пен пысықтар қойылды. Яғни барлығы бірдей жеткізілген жоқ. Дәл қазіргі уақытта 8 мысық және 3 ит өз иесін тапты. Егер келушілерден сұраныс болып жатырса, қосымша әкелетін боламыз. Және оларды жеткізу мен жалпы осы шараны ұйымдастыруға 10-нан астам ерікті белсенділік танытуда», - деді ол.

Сондай-ақ, басқарма өкілі ит пен мысықтарды асырап алушылармен келісімшарт жасалатынын да айтып өтті.

«Жануарларды алып, оның қызығы басылған соң, далаға жібере салатын жайттар да кездесіп жатыр. Өкінішке қарай, ондай адамдар бар. Сол үшін де біз әрбір жеке асырап алушымен келісімшарт жасасудамыз. Әрине ол азаматтарды нақты бір нәрсеге міндеттемейді, мақсат – жануарды асырап алғаннан кейінгі жауапкершілікті сезіндіру. Және егер ол адам алған ит пен мысықты біз тауып алсақ, ол кісіге екіншілей жануар берілмейді», - дейді ол.

Басқарманың баспасөз хатшысының сөзіне сенсек, паналау орталығындағы жануарлардың барлығы карантин мен вакцинациялаудан өтіп, ветеренар маманның бақылауында.


Соңғы жаңалықтар