Елордалықтар енді коммуналдық қызмет көрсетушілерді таңдай алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада биылғы екінші тоқсанда ТКШ саласындағы қызмет көрсетушілерді онлайн-ауыстыруды реттейтін қанатқақты жоба басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мұны Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп қолға алған. Агенттіктің хабарлауынша, коммуналдық құлдық немесе ТКШ саласындағы қызметтерді жеткізушілердің алмастырылмауы – ТКШ нарығындағы бәсекелестікті бұрмалайтын басты фактор. Тұтынушылардың, яғни үй иелерінің, көбінесе басқа жеткізушілерді таңдау мүмкіндігі болмайды, құрылыс салушы үй салу сатысында тұрғындарға қызметтерді күштеп таңады.

«Тұрғын үй иесі өзі үшін таңдалған интерком, лифт, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын жеткізушілермен, басқарушы компаниямен бірге пәтерді сатып алады. Бұл орайда, ол барлық шарттар мен тарифтерге еріксіз келісіп, көптеген проблемаларға тап болады», - деп жазды ведомство.

Қазіргі кезде агенттік уәкілетті мемлекеттік органдармен – Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі, Әділет, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерімен, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ-мен және басқа да нарық қатысушыларымен бірлесіп, ТКШ саласында қызмет көрсетушілерді онлайн-ауыстыруға болатын пилоттық жобаны іске қосуға дайындық жүргізіп жатыр. Жобаға барлық ниет білдірген тиісті цифрлық платформалардың иелері қатыса алады. Бүгінгі күні «Pater Services», «Е-KNOT», «Е-КСК» , «IQamal», «Osi.kz» өздерінің қатысатынын растаған.

«ЦДИАӨМ дауыс беруді өткізудің заңдылығын қамтамасыз ету үшін тұрғын үй иесінің өкілеттігін растауға ыңғайлы оңайлатылған сервис («иә/жоқ» тәсілімен дауыс беру мүмкіндігі) мәселесін шешті. Сонымен қатар, жеткізушіні таңдау мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін қажетті құқықтық актілерге түзетулер ұсынылады:

Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша:

- бір кіреберісте қызмет көрсететін жеткізушіні ауыстыру бойынша тұрғындарға электрондық дауыс беруді өткізу;

- домофондарға қызмет көрсету бойынша қызметтерді күштеп таңу практикасын болдырмау мақсатында домофон жабдығын кондоминиумның ортақ мүлкіне жатқызу бөлігінде өзгерістер енгізу;

Құрылыс нормалары мен ережелеріне:

- тұрғындардың провайдерлерді (интернет-қызметтер, кабельдік телевидение) таңдау мүмкіндігі үшін көппәтерлі тұрғын үй құрылысы кезеңінде бірнеше байланыс операторларына қолжетімділікті қамтамасыз ету бөлігінде өзгерістер енгізу», - деп толықтырылған хабарлама.

Айта кетейік, пилоттық жоба 2022 жылғы екінші тоқсанда іске қосылады.


Соңғы жаңалықтар