Елордалықтар Арыс тұрғындарына көмектесуге жұмылып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда әкімдігінің қызметкерлері, қалалық мекемелер, кәсіпорындар «Арыс, біз біргеміз!» атты жалпы республикалық акцияға қолдау көрсетуде. Олар өздерінің бір күндік жалақыларын Арыс қаласының зардап шеккен тұрғындарына аударады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Нұр-Сұлтан әкімдігіне сілтеме жасап.

Елорда әкімдігі Арыс қаласының 500 баласын барлық қажетті заттармен, киіммен, аяқ киіммен, мектепке қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, бір айға жазғы лагерьге жібереді. Қаланың зардап шеккен тағы 1000 баласына жазғы демалысты Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырады.

Акция аясында зардап шеккендерге Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлері мен меценаттары азық-түлікпен гуманитарлық көмек көрсетеді. Бұдан бөлек, елорданың 5 нүктесінде зардап шеккендер үшін қажетті заттарды қабылдау пункті ашылады. Тұрғын үйлер мен басқа да инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру үшін Нұр-Сұлтаннан Арыс қаласына құрылыс бригадалары мен қажетті құрылыс материалдарының керуендері жіберіледі.

Сонымен қатар, «Қазақстан медицина жастары» қоғамдық ұйымы зардап шеккен тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсету үшін медициналық оқу орындарының студенттері мен медицина қызметкерлері арасынан еріктілерді жинап жатыр. Арыс қаласына 30-40 ерікті жіберу жоспарланған.

Мына мекен жайларда қажетіт затарды қабылдау пунктері орналасады:

- Республика даңғылы, 34, «ЖАСТАР» сарайы, 3-қабат, №306 кабинет, байланыс телефоны: 8 775 513 64 41;

- Тәуелсіздік даңғылы, 3, «Нұр Отан» партиясы елордалық филалының ғимараты, №405 кабинет, байланыс телефоны: 87759500298;

- Жеңіс даңғылы, 62, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, байланыс телефоны: 48-19-10.

Соңғы жаңалықтар