Елордалық жұмыспен қамту орталығының басшысы пара алғаны үшін сотталды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Алматы аудандық соты қалалық жұмыспен қамту орталығы басшысына пара алғаны үшін айыптау үкімін шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат соттың сайтына сілтеме жасап.

Сонымен қатар, ЖШС директоры пара бергені үшін сотталды.

Тергеу барысында Астана қаласының жұмыспен қамту орталығының басшысы Б-ға жұмыссыздарды оқытуға келісімшарт жасасқаны, сондай-ақ олар бойынша төлем жасағаны үшін ЖШС директоры Г-дан 310 мың теңге пара алған деген айып тағылды.

Сотталушылардың кінәсі сотқа ұсынылған дәлелдемелер, олардың мойындау, Б-ның тұрғылықты жері бойынша тінту хаттамасы және алған параның қалған бөлігін тәркілеу, іс бойынша басқа дәлелдермен расталды.

Қылмыстық іс сотталушылар мен прокурордың кінәні мойындау туралы процессуалдық келісім жасауына байланысты бітімгершілік іс жүргізу тәртібімен қаралды.

Сотталушылардың жауапкершілігі мен жазасын олардың жасаған ісіне шын жүректен өкінгені және әрқайсысының асырауында кәмелетке толмаған балалардың болуы жеңілдетті.

Жағдайды ауырлататын мән-жай жоқ.

Б. пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, оған 9,3 млн теңге, яғни алған параның 30 еселенген сомасында айыппұл салынды.

Г. пара бергені үшін кінәлі деп танылып, оған параның 20 еселенген сомасын - 6,2 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс атқару құқығынан айырылады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар