Елордалық жастар 5 пайызбен баспана ала алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық жастар 5 пайызбен баспана ала алады. Бұл туралы «Біз - ел патриотымыз» халықаралық жастар форумында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет тарапынан жастарды қолдау үшін барлық жағдай қарастырылып отыр. Соның ішінде елордалық жастардың мәселерін жан-жақты қамтитын «Елорда жастары» бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаның негізі мақсаты - елордалық жастардың белсенділігін арттырып, жан-жақты дамуына мүмкіндіктер жаса, сонымен қатар жастардың әлеуетін арттырып, елдің одан әрі дамуына бағытталған жастарға басымдық беру. Бағдарлама негізгі 4 бағыттан тұрады: сапалы және қолжетімді білім, кәсіптік бағдар; жұмыспен қамту және жастар кәсіпкерлігі; баспанамен қамтамасыз ету және жас отбасыларға қолдау көрсету; денсаулық сақтау және бос уақытты ұйымдастыру», - деді қала басшысы.

Оның атап өтуінше, бағдарлама аясында жастар құны 13 млн теңгеге дейінгі пәтерлерді жылына 5 пайызбен ала алады.

Бағдарламаның бұл бағыты «Отбасы банкпен» бірге жүргізіледі.

«Жастарды еңбекке баулу, табысқа деген ұмтылысын қолдау - қашан да пайдалы. Елордамызда жастарға кәсіптің нағыз маманы болуға және өз бастамасын жүзеге асыруға толық мүмкіндік жасалады», - деді Алтай Көлгінов.


Соңғы жаңалықтар