Елордалық жас композитор Димашқа ән жазуды армандайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 11 жастағы елордалық композитор Нұрислам Доспай 50-ден астам туынды жазған. Оның талантын мектеп оқытушыларынан бастап, халықаралық мамандар да бағалап үлгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұрислам Доспай Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы музыкалық мектептің 6-сыныбында оқиды. Ол 8 жасынан бастап ән жазады және жақында алғашқы авторлық жинағын шығарды. Нұрислам түрлі халықаралық жарыстарға қатысып, түрлі марапаттарды иеленген. Жақында ол Ресей, Украина, Франция және Грекия композиторлары қазылық еткен «New music Generation -2019» бірінші халықаралық композиторлар байқауы «Симфониялық шығарма» номинациясында жеңімпаз атанды.

Нұрсиламның анасы Шынар Шоқпанова ҚазАқпарат тілшілеріне жас сазгердің шығармашылық жолы туралы сұхбат берді.

«Шынымызды айтсақ, оның әуен жазуға қабілетін өзіміз де байқамадық. Нұрислам 1-2 сыныпты Нұр-Сұлтан қаласының №37 орта мектебінде оқыды. Бірінші сыныптан кейін ол музыкалық мектепте барғысы келетінін, музыкант болғысы келетінін айтты. Сөйтіп, музыка мектебіне құжат тапсыруды жөн көрдік. Бірақ қабылдауға үлгермей, келесі жылға қалдық. Екінші сыныпта да Нұрсилам музыкалық мектепке барғысын келетінін айтқанда, оны арнайы мамандарға апарып, музыкалық қабілетін тексеруді ұйғардық», - дейді Шынар Шоқпанова.

Арнайы тексерулерден кейін мамандар баланың музыкалық бейімін байқап, таңданысын жасырмаған. Нұрисламның музыкалық қабілетін 100 пайызға бағалап, музыкалық мектепке ауыстыруға кеңес берген.

«Емтихандарды сәтті тапсырған соң, 8 жасар баланы бірден 3-сыныпқа қабылдады. Осымен үшінші жыл Нұрислам музыкалық мектепте оқып жүр. Ол демалыстың не екенін ұмытты. Жазғы, қысқы каникулдарда да босаңсып кетпеуге тырысады. Оны мектепте барлығы жақсы көреді. Туындыларын сынақтарда ойнайды. Мұның барлығы ұлымның еңбекқорлығының арқасында шығар», - дейді ана.


Нұрисламның ең алғашқы туындысы «Екі көңіл-күй» деп аталады. Осы шығармасы арқылы жас талант 2017 жылы Ғ. Жұбанова атындағы байқауда «Жас композитор» аталымында І орын алған. Бұл шығарманы италиялық, испаниялық мамандар, Кеңес Дүйсекеев сынды отандық композиторлар жоғары бағалаған. 2019 жылы Нұрислам «Самал» халықаралық жас композиторлар байқауында Гран-при алып, Германия, Италия, Испания, Ресейден келген қатысушыларды басып озды. Осыдан кейін баланы Испания мен Ресейдегі музыкалық мектептер оқуға шақырған. Бірақ, ата-ана жас баланы өзге елдерге жібермеуді ұйғарған.

20 жыл бұрын белоруссиялық ақын Владимир Петров «Астана-Қазақстан» өлеңін жазған еді. 2018 жылы Нұрсилам осы өлеңге ән жазып, «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» халықаралық фестивалінде «Үздік вокал» жүлдесін жеңіп алды.


Сұхбатқа келген Нұрисламның өзі түрлі музыкалық шығармаларды қалай жазатынын айтып берді. Ол фортепиано мен домбырада және үрмелі аспаптарда ойнайды.

«Алдымен ойымда бір мелодия пайда болады. Сосын тезірек үйге келемін де нота дәптерім мен қарандашты алып, сол әуенді фортепианода ойнаймын. Бәрін жазып алған соң, тағы бір тексеріп шығармын. Қажет тұстарын жөндеймін. Осылай, дүниеге жаңа туынды келеді», - деді Нұрислам.

Қазіргі уақытта жас композитор қоржынында 50-ден астам ән бар. Аспаптық және вокалдық туындыларын жинақтап, «Балалық шақтың сиқырлы әуендері» (Волшебные мелодии детства) топтамасын шығарған.

«Алғашқы жинақта «Әжемнің ертегісі», «Волшебный лес», «Мой спиннер», «Гироскутер», «Вальс выпускников» деп аталатын 31 ән бар. «Түлектер вальсін» төртінші сыныпты аяқтағанда сыныптастар биі үшін бір түнде шығарды. Ақпан айында екінші жинақтың таныстырылымын жоспарлап отырмыз. Ондағы жұмыстарды танымал музыкант Ерлан Көкеев кәсіби түрде бағалап, ақыл-кеңесін айтты. Барлық жинақты қаржымызға шығардық», - деді Нұрисламның анасы.

Сонымен бірге, Нұрислам кумирі Димаш Құдайбергенмен кездесуді армандайтынын айтты.

«Менің кумирім – Димаш Құдайберген. Маған оның даусының диапазоны ұнайды. Барлығы оның дауысына таң қалады. Мен де Димаш секілді болғым келеді. Мен Димашпен Шабытта «Самал» композиторлар байқауында кездестім, екеуміз суретке түстік, шығармалар туралы сөйлестік. Ол үнемі «Жаным» деп сөйлейтін. Менің шығармаларымды міндетті түрде қараймын деп уәде берді. Енді менің арманым – Димашқа ән жазып беру», - деді Нұрислам Доспай.

Айта кетейік, ақпан айында Нұр-Сұлтан қаласында жас композитор Нұрислам Доспайдың екінші шығармалар жинағы таныстырылады.





Соңғы жаңалықтар