Елордалық зейнеткер қажылыққа жинаған 16 млн теңгесін алаяққа беріп қойды

None
Фото: polisia.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордалық зейнеткердің қажылыққа жинаған 16 млн теңгесін алдап алып кеткен алаяқ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Рolisia.kz мәліметіне сәйкес, белгісіз біреулер 69 жастағы жәбірленуші әйелдің ұялы телефонына қоңырау шалып, қызының полицияда екендігін, мәселені жедел шешу үшін ақша қажеттігін айтқан. Хабарласқан күдікті үйде бар ақшаның барлығын дайындап қоюды талап еткен.

Бірінше кезекте баласының қауіпсіздігін ойлаған зейнеткер қажылыққа бару үшін жинаған 16 млн теңгесін үйге келген күдіктіге ұстатқан. Кейін қызының жағдайы жақсы екендігін анықтап, өзінің алаяқтардың қулығына түскенін білген. Содан соң полицияға жүгінген.

Полиция ақпаратына сүйенсек, жедел-іздестіру шарасы кезінде курьер ретінде келіп, әйелден ақша алып кеткен 26 жастағы ер адам анықталды. Ол осы қызметі үшін өзге адамдардан жалпы соманың 10% көлемінде пайда алуға келіскенін мойындады.

Сонымен қатар Астанада осыған ұқсас тағы бір оқиға тіркелді. Онда да жоғарыда аталған алаяқтық тәсілдер қолданылған. Салдарынан 54 жастағы әйел айлакерлерге 2 млн 650 мың теңгесін беріп қойған. Іздестіру жұмыстары кезінде осы іске қатысы бар болуы мүмкін 20 жастағы жігіт анықталды. Ол Астана қалалық Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалған.

«Аталған деректер Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», - деді Астана қалалық Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Дастан Қалиев.


Соңғы жаңалықтар