Елордалық волонтерлер вакцина алуға шақырған акция ұйымдастырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде елімізде коронавирус індетіне қарсы вакцина алу қарқынды жүріп жатыр. Миллион тұрғыны бар Нұр-Сұлтан қаласы да осы қатарда. Халық арасында вакцина алу процесін жеделдету мақсатында елоордада вирусқа қарсы екпе алудың маңыздылығы тағы бір рет түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін астаналық волонтерлер «COVID-19-ды тоқтат, вакцина ал!» атты акция ұйымдастырды. Оның барысында елорда жұртшылығына коронавирустың таралуын тоқтатуда вакцина алудың маңыздылығы түсіндірілді. Волонтерлер бұл жолы «Керуен City» ойын-сауық және сауда орталығын аралап, келушілерді вакцина алуға шақырды.

«Біздің шараның мақсаты - елорда тұрғындары мен қонақтарын вакцина алуға шақыру. Сол арқылы адамдар өзімен қоса айналасындағы адамдарды да індеттен қорғайды. Әрине, ешкімді вакцина алуға мәжбүрлемейміз, тек оның маңыздылығын айтып өтеміз. Екпе алу әр адамның еркімен жасалады. Біз қазір тұрғындар арасында ақпараттық түсіндіру жұмысымен айнласып жүрміз. Көп адамдар түсіністікпен қарайды. Біз айтқан ақпараттарды тыңдап, вакцина алуға шақырған парақшаларды алып жатады. Арасында тұрғындар тарапынан сұрақтар да туындайды. Көбінесе екпені қай жерден және қалай алуға болады? Қандай вакцина түрлері бар? деп қызығушылық танытып жатады», - деді елордалық волонтер Дамир Айтымов.

Аталған шара барысында 5 волонтер 150 вакцина алуға шақырған парақшаны таратты.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында емханалардан бөлек, ірі ойын-сауық және сауда орталықтарында вакцина алу бекеттері демалыссыз жұмыс істеп тұр.

Айта кетейік, волонтерлер акциясы қалалық әкімдік жанындағы Жастар саясаты мәселелері басқармасы және «Астана жастары» орталығының ұйытқы болуымен өтті.


Соңғы жаңалықтар