Елордалық тұрғындар үйде тышқан өріп жүргенін айтып шағымданды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Редакциямызға хабарласқан Нұр-Сұлтан қаласындағы «Табысты» тұрғын үй кешенінің тұрғындары шешімі табылмай келе жатқан бірқатар мәселе барын айтты. Мәселен, олар қай уақыттан бастап коммуналдық қызметтерге жеке тұлғаларға арналған тариф бойынша төлем жасайтынын білгісі келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Табысты» тұрғын үй кешені тұрғындарының жазбаша сұрақтарына Нұр-Сұлтан қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Оксана Ибраева жауап берді.

«Табысты» тұрғын үйінің бас мердігері – «Компания Новые Окна» ЖШС. «Табысты» тұрғын үйі, 2а блогы тұрғындарының айтуынша, екі жыл қатарынан тышқандармен күресуде. Жеке пәтер иелері кооперативі (КСК) қараша айында арнайы мамандарды шақырып, бір рет улағанмен, нәтиже жоқ. Ал ай сайын улауға қаражат жоқ дейді олар.

«Мердігер «Жер Билдинг» ЖШС өкілдері тұрғын үйде ешқандай тышқан жоқ екенін айтты. Бұдан бөлек, кеміргіштердің, өзге де зиянкестердің пайда болуының алдын алу мақсатында тұрғын үйге жоспарлы дезинфекция жүргізілген», - дейді Оксана Ибраева.

Тұрғындар қыс мезгілінде тұрғын үйдің жарты бөлігі – ыстық, жарты бөлігі – салқын болып тұратынын айтып, бұл жағдайды қалай ретке келтіруге болатынын сұрады.

«Құрылыс жүргізген «Жер Билдинг» ЖШС мәліметінше, тұрғын үй құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес салынған, ҚР заңнама талаптарына сай, барлық уәкілетті тұлғалармен бекітілген және уәкілетті органдарда тиісті тіркеуден өткен қабылдау актісі бойынша пайдалануға тапсырылған. Пәтерлер қара әрлеуде тапсырылған, таза әрлеу бойынша жөндеу жұмыстарын тұрғындар өздері жүзеге асырады, құрылыс салушының да, мердігердің де жөндеу жұмыстарына ешқандай қатысы жоқ, сәйкесінше, пәтерлерді таза әрлеу бойынша сапасыз жөндеу жұмыстары орындалған пәтерлерде ғана суық», - дейді басшы орынбасары.

Тұрғын үй заңды тұлға болып тіркелгендіктен, екі жыл қатарынан жылу, жарық, су үшін әдеттегі мөлшерден 2-3 есе көп төлеп отыр. Сол себепті үй тұрғындары қай уақыттан бастап коммуналдық қызметтерге жеке тұлғаларға арналған тариф бойынша төлем жасайтынын білгісі келеді.

«Қазіргі уақытта тұрғындар коммуналдық қызметтерге заңды тұлғаларға арналған тарифпен төлейді. Қазір құрылыс салушы қаланың тиісті коммуналдық қызметтерінің теңгеріміне беру мақсатында осы үйдің сыртқы инженерлік желілерін пайдалануға енгізіп жатыр. Осы қызметтердің ескертулері өңделуде. Осы жұмыс аяқталған соң тікелей тұрғындармен коммуналдық қызметтер төлемі бойынша шарт қайта жасалады және коммуналдық қызмет ақысы жеке тұлғаларға арналған тариф бойынша есептелетін болады», - дейді О.Ибраева.

Сондай-ақ, Оксана Ибраеваның айтуынша, тұрғын үйді салушы алдағы демалыс күндері барлық туындаған сұрақтарды түсіндіру мақсатында үйдің тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылатынын хабарлаған.








Соңғы жаңалықтар