Елордалық студенттер қоғамдық тәртіпті қорғаумен айналысады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаз айында Астанада 200-ден астам студент полицей қызметін атқарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Астананың қоғамды дамыту ісі бойынша басқармасы Ішкі істер департаментімен бірге студенттік «Сақшы» құқық тәртібі жасағының  жобасын қолға алды. 

Астанадағы ЖОО мен колледждердің 210 студенті осы жазда қоғамдық тәртіпті қорғаумен айналысады. Бүгін оларға арнайы форма, куәлік берілді және арнайы нұсқаулық бойынша дайындалды. 

«Осы жылы біз аталған жасақтың форматын аздап өзгерттік. Студенттер мен еріктілер тәртіпті қорғауға ғана емес, бірінші кезекте түрлі құқық бұзушылықтың алдын алуға, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға да қатысады. Олардың міндеті - түсіндіру, қылмыс пен қайғылы оқиғаға жол бермеу. Мәселен, қазір балалар жарақаты өте көп, терезеден құлап кетіп жатқан сәбилер бар. Бұл туралы жастар жасөспірімдерге айтып, мәдениетіміздің қауіпсіздігін қалыптастырады. Сондай-ақ, студенттерді шомылу маусымы кезінде де тартамыз, олар судағы қауіпсіздік техникасын балаларға түсіндіретін болады», - деді қоғамдық дамыту басқармасының басшысы Данияр Есин. 

Олардың арасында тәртіп сақшысы болудың қандай екенін білгісі келетіндер де бар. Ажар Амангелді жасаққа келмес бұрын арнайы нұсқаулықтан өтті. Қаланы күзететін әрбір топта бірнеше ерікті мен полицей болады. 

«Неге ерікті болуға келдім? Өйткені, ата-анам органда жұмыс істейді, маған осы жұмыстың қандай екенін іштей көруге, солардың ізінен еруге бола ма, жоқ па, анықтауға мүмкіндік туып тұр. Сол себепті, ұсынған бетте қуана келістім», - дейді Ажар Амангелді.   

Айта кетейік, қазіргі таңда қала бойынша 900 волонтер мен полицейдің ерікті көмекшісі бар. Астананың 20 жылдығын тойлау қарсаңында жаңа күш артықтық етпейді. 

«Елорданың 20 жылдығы қарсаңында біздің полицейлерге салмақ түсер кезде бұл әрине айтарлықтай көмек. Ең бірінші кезекте жастар ортасында құқық бұзушылықтың алдын алуды ұйымдастыруға, құқық бұзудың жолын кесу және ескерту мәселесі бойынша ішкі істер органдарымен өзара бірлесіп жұмыс істеуді көздеп отырмыз», - дейді қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің басшысы Бақытжан Малыбаев. 

Аталмыш шара «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және насихаттау шеңберінде өтіп жатыр. Акция жаздың соңына дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар