Елордалық полицейлерге пара ұсыну әрекеттері жиіледі - ІІМ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша, қаңтар айында астаналық полицейлер өздеріне пара ұсыну әрекеттері туралы жиі хабарлаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаңтар айында Астана, Алматы қалаларының, Алматы, Қарағанды, Павлодар және Жетісу облыстарының полиция департаменттерінде тексеру жүргізілді. Тексеру профилактикалық тұрғыдан да әсер етті. Өткен айда анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтардың саны едәуір өсті. Мысалы, тек Астана қаласында жол қозғалысы ережелерін бұрудың жалпы саны 23 800-ге дейін жетті», - деді министрлік өкілі.

Шұғыла Тұрлыбек ішкі істер органдарының қызметкерлерін парасаттылыққа тексерудің пилоттық жобасы полиция қызметкерлерінің жауапкершілігін арттырғанына мысал келтірді.

«Пилоттың басталуымен полиция қызметкерлерінің оларға пара беру әрекеттері туралы хабарлау көрсеткіші артты. Былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мұндай фактілердің саны 3 есеге жуық өсті», - деді ол.

Еске салсақ, бір апта бұрын Шұғыла Тұрлыбек министрлік мамандары қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасын әзірлеп жатқанын мәлім еткен еді.


Соңғы жаңалықтар