Елордалық полицейлер банк алаяқтарының қалай алдайтынын түсіндірді
2022 жылғы 17 мамыр 17:37

Елордалық полицейлер банк алаяқтарының қалай алдайтынын түсіндірді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті банк карталары арқылы жасалатын алаяқтықтың жиілеп кеткені туралы ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар келесі жүйе бойынша жұмыс істейді: алаяқтардың бір тобы банк карталарын ұстаушыларға телефон арқылы қоңырау шалып, Ұлттық банкпен бірлесіп, несие рәсімдеуге тырысып жатқан алаяқтарды әшкерелеу бойынша іс-шаралар жүргізіп жатқанын түсіндіреді. Олар полиция мен прокуратура қызметкерлерінің деректерін интернеттегі бос көздерден алады. Ары қарай, басқа алаяқтар хабарласып, өздерін банк қызметкерлері етіп таныстырады және алаяқтық әрекеттерін растайды. Әңгіме барысында олар құқық қорғау органдарымен және банктермен бірлесіп алаяқтарды анықтау бойынша операция жүргізіліп жатқанын хабарлайды.

«Осылайша азаматтардың сеніміне кіруге тырысқан олар банктік деректемелер мен SMS-кодтарды алуды көздейді. Дәл осы мәліметтерді алу үшін алаяқтар карта ұстаушыларға қоңырау шалады, өйткені бұл мәліметтер интернет-банкингке, яғни шоттарға қол жеткізуге қызмет етеді. Кейбір алаяқтар тобы қоңырау соғып әңгімелесіп жатқанда басқалары интернет-банкинг арқылы шоттарға қол жеткізуге тырысады және SMS кодтарын күтеді», - деп жазды департаменттен.

Сондай-ақ алаяқтардың тағы бір басқа тобы өздерін банк қызметкерлері етіп таныстырып, әлдебіреулер оның атына несие рәсімдеуге тырысып жатқанын айтып, алаяқтық әрекеттердің алдын алу мақсатында қолда бар ақшаны резервтік немесе сақтандыру шотына аударуды сұрайды. Ал жинақтар болмаса, онда аударымнан кейін жойылатын несие рәсімдеу қажет екенін айтады.

«Сөйлескен кезде жеке басын растау сылтауымен, олар жеке және карта деректемелерін, СМС-парольдерді айтуды сұрайды. Интернет-банкингті қалай пайдалануды білмейтіндерге алаяқтар AnyDesk қосымшасын жүктеуді ұсынады. Бұдан әрі осы қосымшалардан логин мен парольді алып, қаскүнем құрылғыға қашықтан қол жеткізеді, яғни басқа елдің аумағында бола отырып, алаяқ өз құрбанының ұялы телефонын толық бақылай алады. Атап айтқанда, смс жібере алады, мобильді банкингтерді пайдалана алады және түрлі операцияларды, соның ішінде кредиттерді ресімдеуді және ақша қаражатын одан әрі аударуды жүргізе алады», - деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Олардың мәліметінше, көбінесе жеке азаматтар алаяқтардың айтуымен несиелерді өздері рәсімдейді, бұл ретте адамның биометриялық деректерін оқу арқылы тексеруден өтеді. Алаяқтардың құрбандары банктердің бөлімшелерінде несие рәсімдеген жағдайлар бар, ал менеджерлерге күмәнді әңгіме туралы хабарламаған. Несиелерді рәсімдегеннен кейін оларды өздері шетелдік шоттарға жібереді.

«Алаяқтар қоңырау шалу үшін қазақстандық азаматтардың абоненттік нөмірлерін қайталауға мүмкіндік беретін SIP-телефонияны бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдаланады. Сондықтан телефон қоңырауының қосылу көзін бақылау үшін уақыт қажет. Осындай схемалардан елордалық полицияға 1000-нан астам хабарлама мен шағым түсті. 200 дерек бойынша ҚК 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу басталды. Жалпы шығын 250 млн теңгеден асады. Негізінен мұндай схемаға зейнеткерлер және зейнет жасындағы адамдар түсіп жатады», - деп атап өткен хабарламада.

Интернет-алаяқтардың құрбаны болмас үшін Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті белгілі бір сақтық шараларын сақтауды ұсынады:

- Егер сізге осындай қоңырау түссе, ешқандай жағдайда SMS-кодты бермеңіз! Әңгімені үзіп, банктің колл-орталығының ресми телефондары бойынша ақпаратты нақтылаңыз.

- Мобильді банкинг қосымшаларына күрделі парольдерді орнатыңыз, оларды жиі өзгертіп тұру керек.

- Барлық қауіпсіздік шараларын қосу қажет, 3Д - Secure, сіздің телефон нөміріңізге СМС-хабарлама жібермей ешқандай төлем өтпейді. Операцияларды жүргізу үшін осы кодты енгізу арқылы ғана растай отырып, сіз қандай да бір төлем операциясын жүргізе аласыз. Сондықтан мұндай қауіпсіздік әдістерін қосу керек.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT