Елордалық оқушылар халықаралық Жәутіков олимпиадасында 11 медаль жеңіп алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 8-14 қаңтар аралығында Алматыда XVI Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтті. Оның қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының оқушылары 11 медальды иемденді, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Халықаралық Жәутіков олимпиадасы - Қазақстан, Ресей, Болгария, Румыния, Грузия және басқа елдерден келген физика-математика бағытындағы мектеп оқушыларының білімін бағалайтын командалық жарыс.

Олимпиаданың ерекшелігі – физика, математика, информатика пәндері бойынша тапсырмалардың орыс, қазақ және ағылшын тілдерінде берілуінде. Әрбір команда құрамы 3 математик, 2 физик, 2 информатиктен тұрады.

Биыл дәстүрлі олимпиадаға әлемнің 21 елінен 599 оқушы қатысты. Олимпиада қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының командасы жоғары нәтиже көрсетті.

Алтын медальді математика пәнінен «NURORDA» лицейінің 11-сынып оқушысы Бибігүл Конкаева жеңіп алды. Ал дарынды балаларға арналған «Білім-инновация лицейінің» оқушылары Данат Дүйсембеков, Сам Фетуддах, Марлен Раушанов, Бексұлтан Әбдікәрімов күміс медальге ие болды.

Қола медальді аталмыш оқу орындарының оқушылары Абылай Ашкен, Нұрлыбек Таубақабыл, Аманбол Қанатұлы, Жеңіс Әліби, Эльдар Құсдавлетов, Асанәлі Рахметолла қанжығасына байлады.


Соңғы жаңалықтар