Елордалық оқушылар бір жыл бойы театрға тегін барады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада биылдан бастап «Балалар мен театр» жобасы бастау алды. Жобаға Ә.Мәмбетов атындағы драма және комедия театры («Nomad» театры) атсалысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімдігінен мәлім еткендей, «Оқушылармен байланыс» жобасы бойынша кесте жасалды. Оған сәйкес әр оқушы жас санатын ескере отырып, спектакльге тегін бара алады. Театрларға бару аптасына екі рет өткізіледі және балалар демалатын жазғы айларды есепке алмағанда, жылдың соңына дейін жалғасады.


Жас көрермендер театрда «Жас Абай» драмасын, «Маугли» ертегісін тамашалай алады.

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай сахналанатын «Жас Абай» драмасында ақынның жалынды жастық шағы, туысқандық қарым-қатынасы, махаббат хикаясы бейнеленеді. Спектакльде ақынның танымал поэзиясы мен өлеңдеріне жазылған белгілі әндері шырқалады. Драмада алғаш рет ақынның қарындасы Кәмшаттың өлімі қозғалады. Сонымен қоса жас Абайдың үлкендердің ісіне алғаш араласа бастаған кезі де сомдалады.

Ал Р.Киплингтің атақты «Джунгли кітабы» дүние жүзіне белгілі. Маугли есімді балақайдың бастан кешкен оқиғалары, оның жақындары мен жалғыз дұшпаны көрініс табады.

Айта кетейік, елорда оқушыларына арналған қойылымдар «Nomad city Hall» сахнасында өтеді.



Соңғы жаңалықтар