Елордалық көпбалалы отбасыларға жалға баспана беру кезінде заңсыздықтар тіркелген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ел астанасын дамытуға бөлінген қаражаттың игерілуіне аудит жүргізген Тексеру комиссиясы алғашқы қорытындыларды жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Комиссияның төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаев аудит Есеп комитетімен бірлесіп жүргізілгенін айтады.

«Нұр-Сұлтан қаласын дамытуға, оның ішінде дағдарысқа қарсы іс-шаралар бойынша бөлінген мемлекеттік қаражаттың пайдаланылуына мемлекеттік аудит жүргіздік. Аудит мынадай проблемалар мен кемшіліктерді көрсетті: көп пәтерлі тұрғын үй кешендерін пайдалануға қабылдау кезінде құрылыс туралы заңнама бұзылған. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша аз қамтылған және көп балалы отбасылар үшін жалға берілетін пәтерлерді сатып алу кезінде мемлекеттік бағдарламаның 5,1-тармағын бұзу байқалды. Жалпы сомасы 254,2 млн.теңгеге 13 пәтер сатып алынған», - дейді комиссия басшысы.

Иманжүсіп Ақпомбаев 2020 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша қалалық құрылыс басқармасының мойнында 5 бюджеттік бағдарлама бойынша 7,4 млрд теңге қарыз болғанын атады.

«Тұрғын үй құрылысының проблемалық нысандарын аяқтаумен айналысатын «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС-ндегі аудит бірқатар кемшілікті көрсетті. Төрт нысанның құрылысына бөлінген 3 млрд теңгені бірлесіп пайдалану туралы келісімшартсыз игеру фактісі тіркелді», - деді тексеру комиссиясының төрағасы.


Соңғы жаңалықтар