Елордалық кішкентай теннисші Испанияда өткен турнирде топ жарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық Томирис Нұржан Испанияда өткен жасөспірімдер арасындағы турнирде топ жарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат көліктегі полиция департаментіне сілтеме жасап.

2-8 желтоқсан аралығында Испанияның Манакор қаласында Рафаэль Надальдың Rafa Nadal Academy теннис академиясында жасөспірімдер арасында жыл сайынғы Ten-Pro Global Junior Tour турнирі өтті. Турнирге 51 елден 275 жасөспірім қатысты.

10 жасқа дейінгі санатта бірінші орынды Нұр-Сұлтан қаласының теннисшісі Томирис Нұржан иеленді. Ол - қазіргі уақытта осы санаттағы Қазақстанның бірінші ракеткасы.

Рафаэль Надаль академиясы теннис пен білімді біріктірген, аты аңызға айналған ойыншының туған қаласында орналасқан. Оқушылар мұнда кәсіби спортта өз жолын жалғастырып, дәстүрлі білім алады. Академияның теннисте көп жылдар бойы Надаль және оның командасы жинаған тәжірибеге негізделген, жеке оқыту жүйесі бар.

Томирис әкесі сияқты спортқа өте жақын. Әкесі Талғат Қожабаев - көліктегі полиция департаментінің арнайы және жұмылдыру даярлық басқармасының бастығы, полиция подполковнигі. Жұмыс барысында Талғат департамент қызметкерлерінің жауынгерлік және дене шынықтыру дайындығын қадағалап, басқарады. Мұндай спорттық тәсіл подполковниктің отбасында да бар.

«Мен қызымды мақтан тұтамын. Мұндай беделді турнирде бірінші орын иелену – өзінің ғана жеңісі емес, бүкіл Қазақстанның жеңісі», - деп біледі бақытты әке.

Талғат Қожабаев - халықаралық дәрежедегі спорт шебері, күш құрылымдары арасында үш дүркін әлем чемпионы. Қазақ күресінен, самбодан және дзюдодан бірнеше рет чемпион атанған.

Әкесінің жетістіктері Томирис үшін спортта мақсатына жетуге үлкен ықпалын тигізген.

Финалда екі қазақстандық кездесті. 6:4, 3:6, 6:3 есебімен ойын Томиристің пайдасына шешіліп, жеңіске жетті.

Біздің республикамыздың намысын қорғауға Қазақстанның әр қаласынан 12 бала барды.

Турнирдің ақтық кезеңіне шығу үшін отандасымыз Мальта, Бельгия, Македония және Швейцария елдерінен келген балаларды жеңіп шықты.

Департамент басшылығы мен жеке құрамы Томиристі жетістіктерімен құттықтай отырып, халықаралық аренада одан әрі жеңістерге, мол табыстарға жетуін тілейді.

Соңғы жаңалықтар