Елордалық ҚХА «Қамқор» қайырымдылық акциясын бастады
Аталған акция ҚР Қарулы Күштерінің 30 жылдығына және Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орайластырылған. Акция аясында 60 отбасыға азық-түлік себеті тапсырылды.
Қайырымдылық пен мейірімділік, өзара құрмет – Қазақстан халқы Ассамблеясының басты ұстанымы. Достық үйіндегі «Парасат» қайырымдылық қызметін үйлестіру орталығы этномәдени бірлестіктердің кәсіпкерлерімен бірлесе отырып, мұқтаж жандарға қажетті көмек көрсету бағытында тұрақты жұмыс жасап келеді.
Айта кетейік, өткен жылы «Қайырымды істер марафоны», «30 қайырымды іс» акциялары аясында 55 акция өткізілді, 5 800 адам жалпы сомасы 36 млн теңгеге көмек алды. Биыл жыл басынан бері 11 қайырымдылық акциясы өткізіліп, 3000 отбасыға жалпы сомасы 11 млн 200 мың теңгеге көмек көрсетілді. Бұған дейін елордалық Ассамблея еріктілері «Жылы жүрек, ізгі тілектер!» ұранымен науқас балалардың еміне қаржылай көмек көрсеткен.