Елордалық қаржы пирамидасын құрып, 2 мың адамды алдады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда тұрғыны 2 мың азаматты алдап соғып, қаржы пирамидасын ұйымдастырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің хабарлауынша Нұр-Сұлтан қалалық департаменті қаржы пирамидасын құру және оған жетекшілік ету фактісі бойынша Ахымбекова Р.Ж. және К.Ж.Елеукеноваға қатысты қылмыстық іс тергеліп, аяқталған.

Қаржы пирамидасын құрушы «WhatsApp» пен «Telegram» мессенджерлерінен «Астана Раушан касса айналымы» атты чат ашып, ақшалай қаражат алу үшін 2 мың салымшыны тартқан.

Қаржы пирамидасының жұмыс істеу қағидасы қатысушылардың кіріс алу үшін жаңа тұлғаларды тарту қажеттілігі болып табылады, соңғылары өз кезегінде жаңа қатысушыларды тартуы керек.

Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының №2 аудандық соты қаржы пирамидасының құрушы мен басшысын нақты мерзімге – әрқайсысын 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Сондай-ақ сот олардың екеуін де 5 жыл мерзімге азаматтардың қаражаты мен инвестиция тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырды.

198 жәбірленушінің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды аса сақ болуға және қаржылық пирамидаларға тартатын алаяқтардың айла-амалына түспеуге тағы да шақырды.
Соңғы жаңалықтар