Елордалық еріктілер қолдарына күрек алып, көшеге шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордалық еріктілер аулаларды қардан тазарту акциясын жалғастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Еріктілер жалғызбасты, қарт және басқа да мұқтаж адамдарға үй маңындағы аумақтарды қардан тазартуға көмектесті. Ауқымды акцияға 130-ға жуық адам қатысты. Олар – еріктілер, белсенділер, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері және жастар ұйымдарының өкілдері.

«Біз осындай іс-шараларға үнемі қатысамыз. Волонтерлік көмек ешқашан артық болмайды, әсіресе қарт адамдар үшін», - дейді «Жас сарбаз» ӘПҚ Астана қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек.

Іс-шараны Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімінің аппараты, «Астана жастары» ресурстық орталығы және елордалық Жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырды. Барлық қатысушылар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Айта кетсек, «Қазгидромет» РМК деректері бойынша 6 қаңтарға қараған түні астанада жауын-шашын мөлшері – 5,2 мм, ал қардың биіктігі – 39 см болды. 2023 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда (0,8 мм) жауын-шашын мөлшері 6 еседей артқан.

Қыс мезгілі басталғалы коммуналдық қызметтер қаладан 113 мыңнан астам жүк көлігіне тең немесе 1,4 миллион текше метрден астам қар шығарды. Олар кешкі және түнгі уақыттарда да күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.


Фото: gov.kz


Соңғы жаңалықтар