Елордалық ерекше балалар таеквондо белдігін қорғады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада алғаш рет ерекше күтімді талап ететін балалар бейімділген таеквондодан ақ, сары және қызғылт сары түс белдіктерін қорғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде біздің орталықта 25 бала мүгедек жандарға бейімделген таеквондомен айналысады. Бұл алдымен балалардың денсаулығы үшін пайдалы. Себебі бұл жерде олардың көбісі ДЦП және аутизммен ауырады. Ал спорт олардың денсаулығының жақсару балансын сақтауға оң әсерін тигізеді. Әр баланың қабілеті мен деңгейі әртүрлі, себебі ол диганозға байланысты. Дегенмен ерте жастан айналысқаны дұрысырақ. Әрине, алғашқы уақытта қиынға түседі, ең бастысы интеллектісі жоғалмаса, бала алып кетеді. Балалар аптасына 2 рет 1 сағаттан жаттығады», - деді бейімделген таеквондо жаттықтырушысы Мирас Төлебаев.

Бүгінгі шарада барлығы 14 бала 3 түрлі (ақ, сары, қызғылт сары) түсті белдікке ие болды.

«Ерекше күтімді қажет ететін балаларды бейімделген таеквондомен шұғылдану жобасы елімізде алғаш қолға алынып отыр десек те болады. Себебі ДЦП мен аутизмге шалдыққан балалардың денсаулығы ерекше күтімді талап етеді. Алдағы уақытта спортпен айналысатын балалардың санын артқанын қалаймын, сондай-ақ осындай ерекше балаларға арналған спорт академиясын ашқым келеді», - дейді ол.

«Менің жасым 8-де, 3-сыныпта оқимын. Таеквондомен 3 жыл бойы айналысып келемін. Осыған дейін таеквондодан жарысқа қатысып, кубок жеңіп алдым. Біз тренермен аптасына 4-5 рет жаттығамыз. Маған таеквондомен айналысқан ұнайды», - дейді бейімделген таеквондодан қызғылт түс белдікті қорғаған Нұрмұхаммед Елемес.

Нұр-Сұлтандағы паралимпиадалық жаттығу орталығындағы спорттық шара «Samruk-Kazyna-Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ұйытқы болуымен өтті.

Соңғы жаңалықтар