Елордалық дәрігерлер «COVID-19 пандемиясының жеңімпазы» арнайы сыйлығымен марапатталды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов медицина саласының қызметкерлерін марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елорда әкімдігінен мәлім еткендей, Медицина қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты шарада денсаулық сақтау саласының барлығы 30-дан астам қызметкері марапатталды.

Үздіктер 8 номинация бойынша анықталып, оларға 1 млн теңгеден табыс етілді.
«Үздік МСАК ұйымы» номинациясы бойынша №9 қалалық емхана жеңіске жетті. Марапат емхананың директоры Сәуле Смағұловаға тапсырылды.
«2022 жылдың тиімді менеджері» номинациясында №2 көпсалалы қалалық аурухананың директоры Нұрбол Тұрсынбаев жеңіске жетті.
Медицина қызметкерлерін марапаттау тарихында биыл алғаш рет арнайы номинация – «COVID-19 пандемиясының жеңімпазы» сыйлығы берілді. Бұл номинация инфекция жұқтырған науқастардың өмірін сақтау үшін тоқтаусыз күрескен екі дәрігерге берілді. Номинация қалалық фтизиопульмонология орталығының директоры Анна Цепка мен №3 көпсалалы қалалық аурухананың директоры Жұлдыз Данбаеваға тапсырылды.

«Жедел медициналық жәрдемнің үздік бригадасы» атағына жедел медициналық жәрдем станциясының №10 бригадасы лайықталды: Рустама Қурманаева (дәрігер), Нұржан Ешімбетов (фельдшер), Дулат Ультараков (жүргізуші).

Тағы бір номинация – «Үздік жалпы тәжірибелік дәрігер» №4 қалалық емхананың дәрігері Шолпан Мұқышеваға берілді.

Ал «Үздік хирург» атағына №2 Көпбейінді қалалық аурухананың жүрек-қан тамырлары хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Алексей Смоленский ие болды.

№3 көпсалалы қалалық аурухананың перзентхана бөлімінің меңгерушісі Эльмира Әлімжан «Үздік акушер-гинеколог» атанды.

№ 11 қалалық емхананың учаскелік мейірбикесі Бибігүл Шоқыбасова «Үздік орта медицина қызметкері» номинациясын жеңіп алды.


Соңғы жаңалықтар