Елордалық балалар қандай мәдени және спорттық іс-шараларға бара алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада желтоқсан айы «Нұр-Сұлтан қайырымды қала» ұранымен өтуде. Осыған байланысты қала әкімдігі аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларына, ерекше қажеттіліктері бар, сондай-ақ жетім балаларға арналған бизнес өкілдерінің қолдауымен көптеген қайырымдылық және әлеуметтік іс-шаралар өткізеді. Жалпы бұл шаралармен шамамен 17 000 балақай қамтылады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Желтоқсан айында барлығы 5690 адамды қамтитын 45 мәдени іс-шаралар (театрлар мен концерттер), 3710 адамды қамтитын 10 спорттық іс-шаралар, 6000 астам адамды қамтитын 49 көпшілік іс-шаралар, сондай-ақ 2150 адамды қамтитын 10 жаңа жылдық шырша өткізу жоспарлануда. Елорда әкімдігінің мәліметінше, 2019 жылғы 19 қараша мен 4 желтоқсан аралығында жалпы 5000 баланы қамтитын 30 шара өткізілді.

Осылайша, бүгін кешке «Барыс Арена» мұз сарайында 2019-2020 жыл маусымындағы ҚХЛ чемпионаты аясында «Барыс» және «Йокерит» командалары арасында шайбалы хоккей бойынша матч өтеді. Ойынды аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 50-ге жуық бала тамашалай алады.

Ертең, яғни 5 желтоқсанда елордалық кинотеатрлардың бірінде балаларға «Мұзды өлке-2» мультфильмі көрсетіледі. 6-8 желтоқсан аралығында «Алау» мұз сарайында жас спорт көрермендері коньки тебу спортынан Әлем кубогының кезеңін тамашалай алады. 7 желтоқсанда балақайлар «Астана» концерт залында «Жыр терме» республикалық фестивалін көре алады. Сол күні «Сарыарқа» велотрегінде 1000 бала 2019-2020 жж. маусымының ВТБ Бірыңғай лигасы аясында «Астана» БК – «Нижний Новгород» БК командалары арасында баскетбол бойынша матчқа қатысады.

Сонымен қатар, елордалық театрлар жас астаналықтарды балалар спектакльдері мен ертегілерін көруге шақырады. Одан бөлек, балаларға Тәуелсіздік күніне арналған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтсақ, 11 желтоқсанда балалар үшін Тұңғыш Президент – Елбасы мұражайына экскурсия жүргізіледі. Ертесі күні олар «Nomad City Hall» театрында өтетін Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлин мен Ілияс Жансүгіровтің поэзиялық кешіне қатысады. Ал 14 желтоқсанда 400 балақай «Астана» концерт залында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты концерттің көрермені бола алады. 14 және 15 желтоқсанда елордалық қуыршақ театры 300 баланы «Атамекен» спектаклін көруге шақырады.

Ұжымның «Малифисентаның суық жүрегі» атты қойылымын 17-30 желтоқсан аралығында ақысыз негізде 2600 кішкентай көрермен тамашалайды. 15 және 16 желтоқсанда олар үшін қызыл екі қабатты автобуста қала бойынша экскурсия ұйымдастырылады. Сонымен қатар, 18 желтоқсанда балалар еліміздің басты шыршасын жағу рәсіміне қатысады. 24 және 25 желтоқсанда 200-300-ге жуық бала Президент шыршасына және қала әкімінің шыршасына қатыса алады. Сондай-ақ, 20-25 желтоқсан аралығында өтетін аудан әкімдерінің жаңа жылдық шыршаларымен 1600 баланы қамту жоспарлануда. 20 желтоқсанда қалалық алаңда және қала бойынша 28 алаңда мұз қалашықтары ашылады.

Сол ретте сырғанақтар мен мұз айдындарында жаппай сырғанау ұйымдастырылады. Бұл іс-шараға 2800 жетім және аз қамтылған отбасынан шыққан балаларды шақыру жоспарланып отыр. 21 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында елордалық цирк Жаңа жылдық цирк ертегісін көруге шақырады. Қойылымды 500 бала тегін тамашалау мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, 200 бала 26 желтоқсанда «Астана» концерт залында өтетін «Жаңа жылға жаңа ән» атты жаңа жылдық концертіне қатысады.
Соңғы жаңалықтар