Елордалық ата-аналар тегін берілетін мектеп формасын өздері таңдайды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық ата-аналар тегін берілетін мектеп формасын қаладағы 7 дүкеннен өздері таңдап алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы оқу жылында елордалық 6600 оқушыға тегін мектеп формасы берілмек. Олардың бәрі – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары. Сол үшін жалпыға міндетті оқу қорының есебінен бөлінген қаржыға қосымша 200 млн теңгеге жуық қаражат қарастырылып отыр.

Нұр-Сұлтан қаласының білім беру басқармасының басшысы Әнуар Жанғозиннің айтуынша, оқу жылы басталғанған кейін тегін форма алушылар саны 6600-ден асуы мүмкін.

«Жалпыға міндетті оқу қоры қаладағы мектептер бюджетінің 1 пайызына тең болуы тиіс. Биыл елорда мектептеріне 42,7 млрд теңге бөлініп отыр. Яғни, жалпыға міндетті оқу қорының көлемі 427 теңге болды. Бұл соманың 131 млн теңгесі аталмыш санаттағы оқушыларды жазғы лагерьлермен қамтуға жұмсалса, 260 млн теңгесі ыстық тамақпен қамтуға бөлінген. Қалған қаржыны тегін формаға 6600 оқушыға теңдей бөлгенде 6000 теңгеден ғана келді. Сол себепті қала бюджетінен 200 млн теңгеге жуық қаражатты қосымша бөлуді ұйғардық», - дейді басқарма басшысы.

Әкімдік өкілінің сөзіне қарағанда, былтыр тегін форма алған 1674 оқушының ата-аналары мемлекеттік сатып алу арқылы алынған киімдердің сапасына көп сын айтқан екен.

«Былтыр тегін берілетін мектеп формасы мемлекеттік сатып алу аясында алынған болатын. Ата-аналар оның сапасына қатысты көп сын айтты. Биыл олай болмау үшін таңдауды ата-ананың өзіне қалдырайық деп отырмыз. Ол үшін 30 мың теңгелік сертификаттар береміз. Яғни, жалпыға міндетті оқу қорының есебінен көмек алатын әр балаға 30 мың теңге бөліп отырмыз. Бұл сомаға ата-ана спорт формасы мен мектеп формасының бірін таңдап алады. Аяқ киім де осы соманың ішінде кіреді. Бұл сомаға киім-кешектен бөлек кеңсе тауарларын сатып алуға болады», - дейді басқарма басшысы.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мектеп формасына мұқтаж балаларға киім ұсынатын 7 дүкен таңдап алынған.

«Дүкендердің мекенжайы сертификаттың артқы жағында көрсетілген. Қазіргі таңда 6200 баланың аты-жөні тізімделді. Оның үстіне бұл тізімге кірмей қалған 2500 оқушы «Мектепке жол» акциясы бойынша форма алуға өтініш білдіріп отыр. Яғни, тегін формаға мұқтаж балалар саны былтырғыдан 4 есе көбейді. Бұл сан әлі артады деп күтіп отырмыз. Әр баланың ата-анасына тізім бойынша ат-жөні жазылған сертификат беріледі. Оның бір жартысы мектепте қалуы керек. Қалған жартысы ата-ананың қолында болады. Сертификаттың 30 мың теңгесі түгел жұмсалған кезде ата-ана оны соңғы дүкенге өткізеді. Біз дүкендермен кейін сол сертификаттың екі бөлшегін салыстыру арқылы есеп айырысамыз», - деді Нұр-Сұлтан қаласының білім беру басқармасы басышысының орынбасары Дулат Жекебаев.

Мектеп формасын ұсынатын дүкендерді қалалық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы іріктеген.

«Аталмыш дүкеннің бәрі отандық өнім ұсынып отыр. Яғни сапасына бірінші кезекте көңіл бөлінді. Олардың ешқайсысы келісілген бағаны көтермейді», - деді Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов.

Әкімдік өкілдері жалпыға міндетті оқу қоры есебінен берілетін тегін форма сертификаттары 15-қыркүйекке дейін ғана жарамды екенін айтады.

Соңғы жаңалықтар